Сейсенбі, 23 Шілде 2024 19:15

2025 жылға дейін Шымкенттегі жасыл аймақ 21544 га дейін ұлғаяды

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мердігер мекемелер тарапынан көшелерді тазалауға 50 адамнан тұратын бригадалар құрылып, халық көп жүретін қоғамдық орындар мен аялдамалардың, жол жиектерінің тазалығын тұрақты қамтамасыз ету жұмыстарын күнделікті атқаруда. 

 

Бұл туралы Өңірлік  коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту саласында 2024 жылдың 1 жартыжылдығында  атқарылған жұмыстар туралы»  тақырыбында  баспасөз конференциясында айтылды. 

Бүгінгі таңда, мердігер мекемелер қала аумағындағы қылқан жапырақты ағаштарды жәндіктерге қарсы арнайы препараттармен дәрілеу, жай жапырақты ағаштарды әктеу және арнайы пішін (формовка) беру жұмыстарын тұрақты жүргізуде.

"2025 жылға дейін Шымкент қаласында жасыл аймақты 21544 га дейін ұлғайту жоспарланған. Онда 6,5 млн. дана ағаш-бұталар өсірілетін болады", - дейді Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Оңғар Әбілқайыр Бақытқалиұлы. 

Жиында Шымкент қаласы жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгерімінде 25 нысанда 40 субұрқақ (фонтан) бар екені де айталды. Бүгінгі күнде қала аумағындағы барлық субұрқақтары жүйелі түрде (кестеге сәйкес таймермен) жұмыс атқаруда. Субұрқақтар белгіленген қосылу мезгілінен бастап демеушілік есебінен іске қосылып, бірнеше электр жүйелері мен насостары жаңартылды.

Осыған қоса, Әкімшілік іскерлік аумағындағы «Тайқазан» субұрқағының электрлік жүйесі мен насостары жаңартылды, Әуежай аумағындағы субұрқақтардың насостары жаңартылды, Орталық саябақтағы субұрқақтың насостарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 Орыс драма театр аумағындағы субұрқақтардың насостары жаңадан қойылды, Абай саябағындағы субұрқақтың электрлік жүйесі ретке келтірілді, Металлург саябағындағы субұрқақтың насосы жаңартылып, құбырына жөндеу жұмыстары жүргізілді, Имран кешені алдындағы субұрқағының насосы күрделі жөндеуден өтті, Чернобль гүлзарындағы субұрқағы 5 дана насос жаңартылып құбырын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Әкімшілік іскерлік аумағындағы әуенді субұрқақтың барлық насостары жаңартылды.

Қала тұрғындарының ұсынысы негізінде, Тәшенов және Түркістан көшелерінің қиылысында орналасқан тарихи Көл аумағын толығымен жаңарту жұмыстарын жүргізіп, аббаттандырып, жаңадан 3 (үш) субұрқақ қойылып, іске қосылды.

 

Оқылды 147 рет