Бейсенбі, 25 Шілде 2024 20:48

Шымкентте тазалық жұмыстары жалғасуда

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласындағы Қошқар ата өзенінің жағалауында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.  Тұран ауданының коммуналдық мекемесінің қызметкерлері мен аудан тұрғындары және «Жасыл ел» еңбекші жастары қатысты.

 

Қаланың орталығын кесіп өтетін Қошқар ата өзені қала тұрғындарының бір сәт демалуына таптырмас орын. Алайда кейбір жеке сектор аймақтарында өзен бойында тазалық жұмыстары сын көтермей отырғаны жасырын емес. Сондықтан, акцияға тұрғындарды шақыра отырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде жолға қойылған.

Іс-шарада Кремлевская көшесінен Абай көшесіне дейінгі өзен бойындағы түрлі қоқыстарды, қураған ағаштар қырқу, шөптерді ору және өзеннің суымен жиналған түрлі қалдықтарды тазалап, су көздерін ашу жұмыстары атқарылды.

Тазалық жұмыстарына 10-нан астам техника мен 100-ге жуық маман жұмылдырылды. Акцияға қатысқандар қаламыздың тазалығы басты назарда екенін, оған әрбір қала тұрғындары белсене атсалысуы қажет екенін жеткізді.

«Таза QAZAQSTAN» жалпыұлттық жобасы аясында  Нұршуақ шағынауданы Әл-Фараби көшесінің бойында тазалық іс-шарасы өтуде. Мұнда қаладағы барлық ауданның коммуналдық мекемелерінің жұмысшылары, жалпы 100-ден астам адам, қажетті техникалар жұмылдырылған.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жарылқасын Машбектің айтуынша, бұл аумақта тек қана коммуналдық мекеменің жұмысшылары тазалық жұмыстарын атқаруда. Нақтырақ айтқанда, Әл-Фараби көшесінің бойы Бадам өзенінің көпірінен бастап А 2 айналма жолына дейінгі аумақ (7,5 шақырым) ретке келтіріледі.

5 аудан бойынша коммуналдық мекеменің жұмысшылары көше бойында шөптерді ору, көшені жуу, қоқыстан арылту жұмыстарын атқарып жатыр.

Жарылқасын Машбек жылдың соңына дейін бекітілген жоспар бар екенін, соған сәйкес тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілетінін атап өтті. Айта кетсек, бүгінгі «Таза бейсенбі» іс-шарасында қала тұрғындары да белсенділік танытып жатыр.

 Еңбекші ауданындағы Әлімбетов көшесінің бойында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза аула» акциясы өтті.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының басты мақсаты - халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа деген жанашырлық сезімін ояту.

Аудан тұрғындары, белсенді жастар мен «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері қатысқан іс-шарада  аулаларды ретке келтіру, тазалау, қоқыстарды шығару, қоршаулар мен орындықтарды сырлау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Еңбекші ауданы бойынша «Жасыл ел» штабының үйлестірушісі Айгерім Нұрланның айтуынша «Президентіміздің тапсырмасына сай, қаламыздың барлық аудандарында осындай экологиялық акциялар өтіп жатыр. Бүгін қала тұрғындарымен бірлесіп, аулаларды тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта осындай экологиялық акцияларға белсенді қатысамыз», - дейді.

 

Оқылды 104 рет