Жұма, 04 Қазан 2024 17:21

Атом электр станциясын салу – ұзақ мерзімді жоба!

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Бүгін мәслихат депутаттарымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

«АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады», – деді Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы: «Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал ететінін» айтты.

Маңызды тарихи месседж Қазақстанның ХХІ ғасырдағы басты инфрақұрылымдық жобасы бола алатын атом электр станциясының әлеуетті құрылысын өз мойнына алады.

Іс жүзінде АЭС елдің технологиялық дамудың жаңа кезеңіне кіруін белгілеу. Тарихи тұрғыдан алғанда, табысты елдердің бірде-бір экономикалық өрлеуі энергия көздеріне қол жеткізу саласындағы революциясыз аяқталған жоқ. АЭС-бұл таза энергияның және Қазақстан экономикасының үздіксіз өсуінің ұзақ мерзімді кепілі болса керек. Бұл келесі ұрпақтың өміріне әсер ететін негізгі жобалардың бірі. Тоқаев сөзінен осыны аңғаруға болады.

6 қазан күні осы АЭС құрылысының салыну, салынбауын шешетін референдум өтеді. Яғни АЭС құрылысы әлі басталған да жоқ. Оны бүкіл ел білсе керек еді. Алайда, осыдан бірнеше күн бұрын Алматы облысына қарасты Үлкен ауылында атом станциясын салу жұмыстары басталып кетіпті деген хабар тарап, онсыз да алаңкөңіл жұртты бір шулатты. «Бақсам бақа екен» дегендей, артынан оның Балқаш ЖЭС құрылысына қатысты ақпарат екені анықталды.

Жалпы ел тарихындағы елеулі оқиғалар кезінде түрлі болжам жасалып, хайп пен жалған ақпараттың қарша жауатын қашанғы әдеті. Онсызда, Тука айтпақшы «өр, өрме» деп отырған халықты шатастыра бермеген дұрыс шығар. Нақты дерек көзіне, әңгіменің қисынына сенген жөн деп ойлаймын.

 

Ержан Жаубай

 

Mezgil.kz

Оқылды 155 рет