Бұл - дәрігерлер мен ата-аналардың бірлесе жасаған үздіксіз ем және шыдамдылықтарының нәтижесі. Аталмыш орталықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен жыл басынан бері 1000-нан астам оңалту қызметі көрсетілген.
Дильноза Хамидова бауыр еті баласының туа бітті кеселін жеңуге бел буған ана. Алғашқы оңалту емін дәл осы орталықта 1 жас 2 айында қабылдаған. Айтуынша, қызы еңбектеу, басын көтеріп, алғашқы қадамын да №2 медициналық оңалту орталығы дәрігерлерінің көмегімен жасаған. Қазір перзенті 10 жаста. Әлеуметтік ортаға бейімделіп, өзі жүретін жағдайға жеткен.
Мұнда неврологиялық ақауы бар және кардиохирургиялық, ортопедиялық отадан кейінгі 18 жасқа дейінгі балалар оңалту ем-шараларын қабылдайды. Медициналық оңалту орталығы ерекше балаларға қажетті заманауи қондырғылармен жабдықталған. Балаларға физиотерапиялық гидроәдіс, массаж және логопед, дефектолог, эрготерапевт, психолог, невролог, ортопед, кардиолог, физиотерапевт, реабилитолог мамандарының қызметтері көрсетіледі. Сондай-ақ 3 жасқа дейінгі неврологиялық ауытқуы бар балаларға арналған ерте араласу бөлімшесі бар.
Шымкентте бүгінгі таңда жалпы 72 медициналық ұйым науқастарға медициналық оңалту шараларын көрсетуде. Емдеу мекемелері кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульманологиялық бағыттар бойынша ем-дом жасайды.
ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының мәліметінше, жыл басынан бері дәрігерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 8000-ға жуық оңалту шараларын көрсеткен. Оның ішінде 3000-нан астам қызметімен балалар қамтылған.