Сейсенбі, 25 Маусым 2024 12:39

Ордабасы ауданының әкімі ауыз су тарту жұмыстарының сапасымен танысты

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Алдымен Шұбарсу елді мекенінде болып, кезең-кезеңмен жүріп жатқан ауыз су тарту жұмыстарының сапасын бақылап көрді.

Бірқатар көшелерді аралап, мердігерге есептегіш құралдары орналасқан жәшіктер мен жер асты құбырлары бойынша анықталған кемшіліктерді мерзімінде қалпына келтіруді тапсырды. Сондай-ақ тиісті сала мамандарына жұмыстарды қатаң бақылауға алуды міндеттеді.

Мұнан соң аудан әкімі Бадам ауылдық округіне қарасты Ақбұлақ ауылында “Жайлы мектеп” жобасымен бой көтеріп жатқан білім ошағының жұмысымен танысты. Сыйымдылығы 300 орындық мектептің құрылысы 2023 жылдык қыркүйек айында басталған. Ағымдағы жылы желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Аудан әкімі Бадам елді мекенінде абаттандыру (балалар ойын алаңшасы), көгалдандыру (ағаш көшеттерді суғару, қоршаулардың сапасы және т.б.) бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстарды да бақылап көрді. Сондай-ақ санитарлық-тазалық жұмыстарының күн тәртібінен түспеуін ескерткен аудан басшысы ауыл әкіміне және сала мамандарына бірқатар тапсырмалар берді.

Азат Әбдіғалиұлы Бадам елді мекенінде салынып жатқан спорт кешенінде болды. Аталған нысанның құрылысы өткен жылы тамыз айында басталған. Кешенді ағымдағы жылдың желтоқсанында ел игілігіне беру көзделген. Сондай-ақ аудан басшысы Темірлан елді мекенінің іргесінен бой көтеріп жатқан спорт кешінінің құрылыс алаңына да табан тіреді. Спорттық нысандарды салып жатқан мердігерлерге бірінші кезекте сапаға баса назар аудару керектігі ескертіліп, мерзімінде аяқтау тапсырылды.

Аудан басшысы аудан орталығында бой көтеріп жатқан арендалық тұрғын үйлерді де көрді. Қазір онда 1 қабатты, 2 бөлмелі 26 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. 10-нан астамының құрылысы бітуге жақын. Одан бөлек аумақта 3 қабатты 3 тұрғын үйдің іргетасын құю жұмыстары қызу жүруде.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 43 рет