Жұма, 18 Қазан 2024 14:10

Шымкентте имамдар спорт сайысына қатысты

18 қазанда Қазақстанда рухани келісім күні. Шымкент қаласы дін істері басқармасы және «Күрең тұлпар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қаладағы діни бірлестік өкілдері арасында турнир өтті. 

«Аламан» спорт кешенінде өткен додалы сайыста дін қызметкерлері командаларға бөлініп, кіші футбол, үстел теннисі және шахмат ойындары бойынша бақ сынасты.

Қоғамды ұлты мен дініне қарамастан біріктіруге, тұрақтылық пен келісімді сақтауға және одан әрі дамытуға бағытталған шараның мақсаты азаматтарды ортақ рухани-адамгершілік құндылықтарға топтастырып, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылық, толеранттық, рухани келісім идеяларын насихаттау болды.

Дінаралық келісім, ұлтаралық татулық — қай мемлекеттің болса да экономикасы мен әлеуметтік ахуалына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Қазақстан – жүздеген этнос пен оннан астам дін өкілін құшағына сыйдырып, бауырына басқан зайырлы мемлекет. Діндер арасындағы татулық пен тұрақтылық, этностар арасындағы келісім мен бейбітшілік — біздің елдің ең үлкен жетістігі. Ұлтаралық келісімді сақтай отырып, өзге дін өкілдеріне де айрықша құрмет пен сыйластық таныту да мәдениет.

Спорттық мәреде дін қызметкерлерінен құралған командалар жақсы ойын көрсетті. Тартысты ойында жеңімпаз болатыны анық. Жақсы ойын көрсетіп, жеңіске жеткен командаларға алғыс хаттар мен сыйлықтар тапсырылды.

Іс-шара одан әрі исламдық емес діни бірлестіктердің жетекшілерін “Есжанұлы Сейітжан қари” мешітімен таныстырумен жалғасты. Сәулеті мен салтанаты келіскен ғимараттың, рухани орталықтың архитектурасы мен өрнектерін, ақ мәрмар залын келген қонақтар тамсана тамашалады.

“Есжанұлы Сейітжан қари” мешіті шынында Шымкент қаласының мақтанышына айналып, келген туристер міндетті түрде бір баратын жерге айналды. Жаңа мешітте бір мезетте 12 мың адам құлшылығын өтей алады. Мешітте конференция залы, 600 адамға арналған асхана, жастарға рухани білім беретін медресе, неке қию залы, 736 көлік сиятын жерасты автокөлік тұрағы бар. ішінде лифт те бар екен.

Мешіттің атқаратын қызметі, қоғамдағы орны өте үлкен. Мешіт – руханият ордасы, оқу-білімнің орталығы. Рухани кездесу дәстүрлі дастарханда жалғасты.

– Бүгінде барлық дін өкілдері достықта, бір бағытта өмір сүріп келеді. Өйткені, ұлт пен ұлыстың татулығы еліміз үшін маңызды болса, бұл орайда, біздің жұмысымыздың да маңыздылығы орасан. Рухани ізгіліктерді қадір тұтқан біздің елде өзара келісімнің негізі қалыптасқан десек те болады. Жастарды имандылыққа баулу, діни сауаттылықты ашатын, толеранттылықты үйрету біздің парызымыз. Әлемде орын алған оқиғаларды мысалға ала отырып діннің дұрыс және бұрыс жолдарын ажырата білу керек, – деді өз сөзінде Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев.

 

 

 

Оқылды 32 рет