Осы бағытта қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов пен қалалық полиция басқармасының ППБ командирінің орынбасары Нұржан Нуршилов мәдени-рухани орталық аумағында туристерге қызмет көрсететін электрокар жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін сақтау және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Электрокарлар — туристердің ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ететін маңызды көлік түрі. Алайда олардың қауіпсіз және заңға сай жүруі – әкімдіктің басты талабы. Алдағы уақытта да осындай бірлескен мониторинг және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады.
Орайы келгенде айта кетер болсақ, киелі шаһарға келетін туристердің саны жыл сайын арта түсуде. Түркістан Қазақстанның және бүкіл түркі әлемінің ең ірі туристік орталықтарының біріне айналуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына келген туристер саны 500 мыңнан асты. Ал біркүндік келушілер саны 1 миллионға жуықтады. Сондай-ақ 2024 жыл орналастыру орындарында демалған туристер саны 300 мың адамға жетіп, алды45ы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15%-ға өсті. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заңның қабылдануы – өңір үшін тарихи оқиға. Бұл бастама Түркістанның туризм саласындағы әлеуетін одан әрі нығайтуға және дамытуға зор мүмкіндік береді.
Облыс орталығы болғанына 7 жыл толған Түркістан шаһарында Туризм саласын дамытуға айрықша басымдық берілген. Оның үстіне былтыр тарихы тереңге бойлаған Түркістан шаһары «Түркі әлемінің 2024 жылғы туризм астанасы» атанған болатын. Бұл жаңа келбетке ие болған қалаға ғана емес, тарихи-мәдени мұраға бай, табиғаты тұмса тұтас өңірге де ерекше ықпал ететіні белгілі. Осыдан жиырма бес жыл бұрын бір жарым мың жылдық мерейтойын атап өткен көне шаһар бұрыннан ілім-ғылымның, руханият пен мәдениеттің, сауда-саттық пен саяхатшылардың нағыз ордасы болған. Өңірдегі жүздеген тарихи мұраларды айтпаған күннің өзінде, Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өзі-ақ күллі адамзат үшін баға жетпес жәдігер болып саналады. Дегенмен, Түркістан өңірі бұл деңгейде тоқтап қалмай, күн сайын заман талабына сай өркендеп келе жатыр десек, қателеспейміз.
Мемлекет басшысы биыл наурызда «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғаны белгілі. Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Осыған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.
Шаһар аумағында археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылады. Қалада жайлы орта құру, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылымдарды қолжетімді ету және инклюзивті туризмді дамыту маңызды бағытқа айналады. Бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қаланы қолайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді. Қаланың дамуын тиімді басқару үшін Түркістанның әкімдігі мен мәслихаты қосымша өкілеттікке ие болады. Сол арқылы шешімдерді қабылдау үдерісі жеделдейді, тарихи-мәдени нысандарды сақтауға бақылау күшейеді және қаланың бірыңғай дизайн коды енгізіледі. Өз кезегінде мемлекеттік бақылау қолөнер шеберлерін қолдауға, көлік транзитін реттеуге және қаланың тарихи бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.
Сондай-ақ, Түркістанда «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы заманауи археологиялық паркін құру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде Күлтөбе қалашығының металл конструкциялары, күмбез жабындары орнатылған. Жан-жағына инфрақұрылым тартылған. Аталған жұмыстар ЮНЕСКО талаптарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта Күлтөбе қалашығында қабылдау орталығы, музейі бар ғимараттар салу ұсынысы енгізілген. Ол ғимараттарда Қаңлы дәуірі, Орта ғасырлар, Қазақ хандығы дәуірінің археологиялық ескерткіштерімен қатар сол кезең туралы мәліметтер жұртшылыққа ұсынылмақ. Сонымен бірге интерактивті қабырғалар орнатылып, технологияның соңғы үлгілері қолданысқа енгізілуі мүмкін. Жалпы бұл жобаның тұжырымдамасы әлі де талқыланып, тиісті шешім қабылданады. Болашақта Түркістан қаласы тағы бір тарихи және туристік орталықпен толығады деп күтіліп отыр. Тарихы тереңде жатқан қалашық көпшілікке дәріптеліп, осында табылған ежелгі тұрақтар, жәдігерлер туристер назарына ұсынылады.
Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық.
Қазір Түркістан қаласында туризм бағытын ілгерілетіу үшін түрлі бастамалар қолға алынған. Жаңадан салынып жатқан нысандардың келбетіне, идеологиялық мәніне, сапасына қатаң бақылау жүргізіліп жатыр. Соның арқасында сәуір айындағы көрсеткішке сәйкес, өңірге табан тіреген шетелдік қонақтардың саны едәуір көбейген. Алдыңғы жылы облыс көлеміндегі туристік жолдардың сапасын жақсарту мақсатында 10,6 миллиард теңге бөлініп, жеті жоба аске асырылған. Ал, 2024 жылы бұл бағытқа 17,6 миллиард теңге, қаралып 19 жоба жүзеге асырылды. Алдыңғы жылы облыстағы туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция салынып, жиырма бес нысан іске қосылып, 350-ден аса жұмыс орны құрылған. Ал, былтыр құны 20 миллиард теңгеден асатын 25 инвестициялық жобаның жұмысы басталып, 500-ге жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Ірі жобалардың қатарында жоғарыда аталған Қ.А.Ясауи кесенесі аумағындағы «Күлтөбе» қалашығы да бар. Облыс орталығында көлемі 11,8 гектарды құрайтын аумаққа аквапарк, вилла бой көтеретін 5 жұлдызды қонақ үй салу да көзделіп отыр.
Туризмнің дамуы, бірінші кезекте, саяхаттауға ыңғайлы жерлердің пайда болуына қатысты. Себебі әлемдегі дәстүрлі саяхат орын дары бүгінде өзінің маңыздылығын жоя бастаған. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда туризмге мол мүмкіндік бар және соның нәтижесінде әлемдік туризм нарығының биігіне көтерілуі мүмкін. Сол мүмкіндіктің бірі Түркістан аймағындағы тарихи байлықтар мен мәдени және рухани құндылықтарды сақтаудың қазіргі жағдайы – кесенелер мен ежелгі мешіттерді және қалашықтарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе отырып, солардың негізінде тарихи, мәдени музей-қорықтарды қалыптастырумен сипатталады.
Туризм саласының төмендегідей экономикалық функцияларын атап өтуге болады:
– туризм саласы экономиканың басқа сала ларына қарағанда салынған капиталдарды тез арада өндіріп алуға мүмкіндік береді
;– экономиканың өзге түрлерінен гөрі өнімділік деңгейі жоғары болып келеді;
– туризмге салынған инвестиция аймақтық экономикаға және мемлекеттік экономикаға да оң әсерін тигізеді;
– туризм саласы еңбек күшіне негіздел- гендіктен, жұмысссыздық мәселесін шешуде өте маңызды;
– туризм аймақтық және мемлекеттік инфрақұрылымды дамытады;
– халықаралық туризмнің дамуы дамыған елдерден дамушы елдерге қарай ақша ағынын тудырады;
– табиғи ресурстар туризм саласының негізгі қайнар көзі болғандықтан, туризмді да мыту үшін табиғи ресурстарды қорғау және да мытуда көп жұмыстар атқарылуда. Яғни туризмі дамыған елдің табиғаты да жақсарады;
– туризмнің әсерінен елдің әлеуметтік және мәдени байлықтарына назар аудартады және да мытады.
Қазақстанда туризмді шынайы бағалау экономика үшін салыстырмалы түрде кештеу келді. Туризмнің тез және тұрақты өсуін, оның қоршаған ортаға, экономиканың барлық саласы на және қоғамның әл-ауқатына күшті ықпалын назарға ала отырып, Үкімет Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағдарламасында туризмді басым сала деп анықтады. Қазақстанның ұлттық тарихы үшін маңызы өте жоғары көптеген архитектуралық, археологиялық және тарихи нысандар қалпына келтіру жұмыстарын өте қажетсініп отыр.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат