Форумның мақсаты - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидасын қоғамда кеңінен насихаттау, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін күшейту, сондай-ақ қаржылық пирамидалар мен түрлі алаяқтық схемаларға қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру.
Ауқымды шараға аудан әкімдігі жанынан құрылған мобильді ақпараттық-насихат тобының мүшелері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, колледж ұстаздары, ардагерлер, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Форумды Төлеби ауданы әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай ашып, қоғамда алаяқтық әрекеттердің алдын алу, халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Шара барысында №9 колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары баяндама жасап, қаржылық пирамида мен интернет алаяқтықтың кең таралуы, одан сақтану жолдары, сондай-ақ жеке деректердің қауіпсіздігі мен қаржыны басқару мәдениетінің маңыздылығы туралы нақты мысалдар келтіріп, қатысушыларға құнды ақпарат ұсынды.
Форум соңында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіп, қатысушылар спикерлерге өз сауалдарын қойып, еркін пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді.