Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен өңірдегі 17 аудан-қаланың көгалдандыруға жауапты басшылары қатысқан семинар-кеңес өтті. Басқосудың басты мақсаты – Арыс қаласындағы көгалдандыру тәжірибесін басқа аудандарға үлгі ету.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев келген қонақтарға Дендросаябақты, Арыс-Шардара айналма жолы бойына егілген ағаштарды, сондай-ақ «Жасыл Арыс» тұқымбағының жұмысын таныстырды.
Бүгінде тұқымбақ 1 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда 8 түрлі 100 мыңнан астам көшет бапталуда. 2022 жылдан бері осы жерден 168 мыңнан астам көшет өсіріліп, қаладағы мекемелерге, тұрғындарға және ауылдық округтерге таратылған.
Тұқымбақта тамшылатып суғару жүйесі толық енгізілген. Сонымен қатар, қаланың кәріз станциясында тазаланған су көшеттерді суғаруға қолданылып келеді. Бұл – ресурсты үнемдеудің және экологияны сақтаудың тиімді тәсілі.
Семинар соңында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Арыстағы бұл игі бастаманы жоғары бағалап, барлық аудан-қала әкімдіктеріне осы тәжірибені зерделеп, өз өңірлерінде жүзеге асыруды тапсырды.
Жасыл желек – тіршіліктің тынысы. Арыста басталған көгалдандыру жұмыстары өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға үлкен үлес қосары сөзсіз.