Сенбі, 29 Маусым 2019 00:32

Арыстың 100-ден аса балалары жазғы демалысын Жамбыл облысында өткізбек

Бүгін Арыс қаласында орын алған оқыс оқиғадан зардап шеккен 100-ден аса бала Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында орналасқан «Болашақ» және Жуалы ауданындағы «Тау Самалы» сауықтыру лагерьлеріне аттанды.  

Жамбыл облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған игілікті шара барысында жамбылдықтар балаларды жас ерекшеліктеріне қарай қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етпек. Жеткіншектердің қауіпсіздігіне облыстың әр ауданынан келген жетекші мамандар жауап беретін болады.

«Бауыр етіміз – балаларымыздың жағдайына алаңдаушылық білдірген барша халыққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді арыстық ата-аналар. Көрші облыстағылар балаларды жазғы демалыспен қамту шараларын алдағы күндері де жалғастыратындығын жеткізсе, өзге де Арыстың балалары үшін  жазғы демалыстарға жіберу жұмыстары жалғасатын болады.

Арыс қаласындағы жағдай туралы айта кетсек, қаладағы Ережепбай Молдабаев атындағы орта мектепте тұрғындар уақытша қоныстанатын  800 орын дайындалды.  Мұнда жарылыс салдарынан үйлері толық бұзылған және жарамсыз күйге түскен тұрғындар орналасады.  Бұл орталықта қоныстанушылар 3 мезгіл тамақпен және жатын орындармен қамтылмақ.  Балаларға арналған ойын алаңшалары да қарастырылған. Ал жарылыстан зақым келген үйлер толық жөнделген соң тұрғындар өз шаңырақтарына оралады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 703 рет