Бейсенбі, 11 Шілде 2019 19:27

Түркістан облысы: Мақтааралда абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр

Мақтааралды көркейту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудан орталығы Мырзакенттің келбетін ашатын бірнеше әлеуметтік орындардың құрылыс жұмыстары қызды. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған демалыс аймағында тұрғындардың сейіл құрып, тынығуына жағдай жасалуда.

Кенттегі орталық көшенің  бойында орналасқан саябақтың әзірге атауы жоқ. Дәл қазір мұнда жұмыстар қызу жүріп жатыр. Субұрқақ, балалар ойын алаңқайы және архитектуралық шағын мүсіндер саябақтың көрінісіне сән қоспақ. «Мақтаарал ауданында абаттандыру жұмыстары болып жатыр қазіргі таңда. Біздің мердігер компаниямыз «Строи.ком. «Прогресс». Жалпы бұл алаңға мемлекеттен 174 миллион қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, 4 балалар алаңы бар. Қазіргі таңда 30 жұмысшысыз бар, техника бар» - дейді «Строи.ком «Прогресс» ЖШС қызметкері  Бахыт Әлиев.

Саябақты абаттандыру ісі күздің  соңына дейін созылады. Мамандардың айтуынша аздаған уақыттың ішінде бұл  тұрғындардың сүйікті демалыс орына айналмақ. Өңірдегі оң өзгеріске тұрғындар дән риза. Жолдардың кеңейіп, жаңа ғимараттардың салынуы аудан шырайына сән қосады деп сенеді. Уақытында пайдалануға берілсе халықтың сұранысын дөп басқандай еді. «Мақтаарал ауданы бөлінгеннен кейін, қазіргі Мақтаарал ауданы кеңейіп, үлкейіп дамып келе жатыр. Жаяу жүргіншілерге жолдар салынып, үлкен тас жолдар салынып жатыр. Біздің ауданымыз одан әрі көркейіп дами береді деп ойлаймын. Мен де өз үлесімді қосамын» - дейді Мырзакент  тұрғыны Нұралы Әлденов. 2019 жылдың маусым айында басталған абаттандыру жұмыстары шаһар шырайын арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға сеп болмақ.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 663 рет