Дүйсенбі, 15 Шілде 2019 19:56

Арыс: 100 мың теңге қай елдімекендердің тұрғындарына берілетіні белгілі болды

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Арыс қаласының әрбір тұрғынына яғни 44 781 мың адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отырғандығын айтқан болатын. Төтенше жағдайдан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге бағытталған қаржыға байланысты, қазір түрлі сауалдар туындауда. Сонымен бірреттік өтемақыға қабылданатын құжаттар қандай, кімдерге беріледі деген сауалдарға жауап іздеп көрсек.

ҚР Үкіметі бекіткен тізім бойынша өтемақы тек, Арыс қаласында ресми тіркелген азаматтарға беріледі. Атап айтқанда, Арыс қаласы бойынша – 44 994 адам, Ақдала ауыл округінде – 4 324 адам, Қожатоғай ауыл округі бойынша – 4 232 адам, Дермене ауыл округінде – 2 052 адам. Жалпы, бірінші кезекте 55 602 тұрғынға 100 мың теңгеден 5,6 млрд.теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отыр. «Қожатоғай ауыл округіне қарасты Сырдария ауылындағы ауыл тұрғындары. Бұл қазір қала аумағына кіріп тұр. 15-16-17 секторға келіп құжат тапсыруда. Сонымен бірге Ақдала елдімекені, Пәкентай Арапов және Онтам елдімекені. Сонымен қоса Дермене ауыл округіне қарасты 4елдімекен. Ол – Дермене ауылының өзі, Орманды, Теміржолшы және 40-разъезд  елдімекендері. Осыларға қаралған. Осы кісілерге беріледі. Біздің есебіміз бойынша 55 мың адамға төленеді деп жоспарлауда» - дейді Түркістан облысы қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Әбдірахман Тасыбаев.

Сонымен, бұл қаржы тек Арыс қаласының тұрғындарына төлеуге қаралған. Төтенше жағдайдан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге бағытталған қаржы Ордабасы ауданының азаматтарына берілмейді. Өтемақыны алу үшін Халық банкі тегін карточка ашып отыр. Тізім беріліп болған соң, құжат тапсырған адамдарға өтемақы  тамыз айының басында төленетін болады. Ол үшін жеке куәлік, балалардың туу туралы куәлігі мен неке қию куәліктері болу керек. Өтемақы төлеуге ҚР Үкіметінің резерві есебінен 3 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге және арнайы құрылған «Түркістан» әлеуметтік қорына түскен қаржыдан 1,6 млрд. теңге бөлінеді деп күтілуде. Жергілікті тұрғындардан құжаттарды қысқа мерзімде жинауға Арыс қаласындағы 17 секторда бекітілген тиісті мамандар және аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері жұмылдырыған. Олар 2019 жылдың 3 шілдесінен бастап өтемақы алуға өтініштер жинақтауда.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 609 рет