Дүйсенбі, 15 Шілде 2019 21:29

Түркістан облысы: Арыста 1047 үй толық қалпына келтірілген

«Біз әрбір тұрғын үйді тұрақты бақылауға алдық. Тіпті терезенің әйнегі сынған болса да, жөндеуге мұқтаж тұрғын үй нысаны ретінде тіркеуге алдық». Осылай деген ҚР-ның индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бүгін Арыс қаласындағы әрбір сектор жұмысын журналистер қауымына таныстырды. Атқарылып жатқан шаруалармен бөлісті.

Ұйымдастырылған пресс-турда вице-министр тікелей өз бақылауына алған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жай - күйімен таныстырды. Қираған баспаналардың қазіргі ретке келген жағдайын көрсетті. Бүгінгі таңда аталмыш министрлік барлық жөндеу жұмыстарына атсалысып, материалдық базаны қамтамасыз ету үшін, өзара қарым-қатынас логистикасын құруда.

«Қазіргі таңда тексеріс нәтижесі бойынша қаладағы үйлердің 85%- ы жөндеуді қажет етеді. Оларды қайта қалпына келтіру бойынша тиісті 17 сектор мүшелері жүктелген міндетті уақытында аяқтауға уәде беріп отыр. Соңғы мәлімет бойынша қалада 1047 үй толық қалпына келтіріліп, құрылыс жұмыстары аяқталған. Тағы 4225 жеке тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарда құрылыс қарқынды жүріп жатыр» дейді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму  бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.

 Мұрат Қадырбек – Арыс қаласының әкімі: «Тұрғын үйінің құрылысы аяқталып, жайлы баспанасына жайғасқан Гүлнар Ибрагимова сала жауаптыларына айтар алғысы шексіз. Себебі, аз уақыттың ішінде күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп, баспанасын қайта қалпына келтірген мердігерлер күндіз-түні тоқтаусыз еңбек еткен».

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 627 рет