Жұма, 02 Тамыз 2019 21:31

Арыс қаласында қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде

Арыс қаласындағы Қостанай облысы мен Сарыағаш ауданына қарасты 16 - секторда қарбалас тіршілік. Жұмыс қыз-қыз қайнауда. Қауырт жұмыстар қолға алынуда. Айта кетейік, Арыс қаласында бүгінгі таңда 8408 жеке тұрғын үй бар. Соның 1105 -  көпқабатты үй. Қырық мыңнан астам тұрғыны бар қаладағы қалпына келтіру жұыстары 7597 жеке тұрғын үй мен 78 көпқабатты үйлерде жүргізілуде.

«Қостанай облысы мен Сарыағаш ауданына бекітілген 16-шы секторда жалпы саны 671 тұрғын үй болса соның 549 зақымдалған. 172 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. 15 үй сүріліп, жаңадан салынатын болады. Құрылыс жұмысына 549 адам тартылған» - дейді«Базис-К» ЖШС учаске бастығы Нажмиддин Қарақожаев. Жалпы айтқанда, қостанайлықтар Арыстың аптап ыстығына қарамастан құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін 217 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталған. Сектор аумағында 5 құрылыс компаниясы жұмыс істеуде. Сарыағаш ауданы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды.

 Бақытжан Полатов - Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары:

«Қазір күн өткен сайын Арыс қаласы түрленіп келеді. Қалыпты жағдайға жететін күнде алыс емес.Тоғыз жолдың торабында орналасқан қаладағы зақымдалған үйлерді қалпына келтіру үшін қазір 3 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр.Олар тек құрылыс компанияларының өкілдері ғана емес, жергілікті тұрғындар да тартылған. Ақылы жұмыспен қала тұрғындары айналысуда».

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 618 рет