Сәрсенбі, 18 Наурыз 2020 20:14

Түркістан облысы аумағында блок-посттар қойылады

 

 Бұл туралы Түркістан облысының әкімдігінде Коронавирустың таралуының алдын алу  шаралары бойынша арнайы өткен брифингте айтылды.

 

     Брифингті Түркістан облысының бас санитарлық дәрігері, яғни  облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нышанов Нұрбек Садықбекұлы, Түркістан және Кентау қалалық ауруханаларының бас дәрігерлері Ділдәбеков Жанболат Бердібайұлы мен Сыздықова Гүлбану Жұмағалиқызы өткізді.

     Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының карантин аумағына енгізілуіне байланысты сақтық мақсатында Түркістан облысының шекаралық жерлеріне блок-посттар қойылатын болады. Яғни, облысымызға Жамбыл және Қызылорда облыстарынан кіретін жолдарға арнайы бекеттер орнатылып, тиісті сақтық шараларын атқаратын болады. Облыстың бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышановтың айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша 380 мың текше метрге жуық жер дезинфекцияланған. 

   «Өңірде дезинфекцияланған 137 мыңнан астам шаршы метр аумақ – мектепте дейінгі білім беру нысандарында жүрсе, 14 мың шаршы метр – қоғамдық тамақтанатын жерлер. 16 743 шаршы метр аумақ – тамақ өнеркәсіптеріне, 18 908 шаршы метр – сауда орындарына тиесілі. Барлық залалсыздандыру жұмыстары мекемелер мен дезинфекциялық орталық келісімдерімен жүруде», - деді Нұрбек Садықбекұлы.
  Департамент мамандары барлық сақтық шараларын қолға алып, коронавирус дертін жұқтырған азаматтардың облыс аумағына енбеуін қадағалап отырғандарын айтады.

 

Оқылды 527 рет