Қазірдің өзінде 22238 гектар жер тырмаланып, 11641 гектар жер чизельденген. Жері егуге дайын болған кейбір шаруалар 37 гектар жерге мақта дәнін сеуіп үлгеріпті. Сондай-ақ, жылдың басынан бері 3655 гектар жерге бақша, 619 гектар жоңышқа, 392,5 гектар көкөніс, 55 гектар бидай, 50 гектар күнбағыс егіліп, алғашқы өнімін ала бастағандар бар.
Жалпы мақтааралдықтар көкөністі, соның ішінде қырыққабат дақылын қаңтардың ортасынан бастап егіп тастайды. Міне, ауданға қарасты Жамбыл, Мақтаарал ауылдық округтерінің диқандары алғашқы өнімін алып, 59 тонна қырыққабат өнімін ішкі нарыққа шығарды. Өңірде 1-2 аптаның ішінде қырыққабат дақылы жаппай пісе бастайды.
Елімізде жарияланған Төтенше жағдайға қарамастан шаруалар өз өнімдерін экспортқа шығара алады. Бұл туралы күні кеше облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлімдеді. Ол үшін карантиндік және фитосанитариялық сертификаттар өтінімге сәйкес беріліп, жүк көліктері "Біз біргеміз!" логотипін жабыстырып алуы тиіс. Бұл белгі барлық блог-бекеттерден өнімді тездетіп өткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл мақтааралдық шаруалар 38,2 мың гектар жерге ақ алтын егеді деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда шаруаларға қажетті тұқым мәселесі толыққанды шешілген. Ауданда 4 тұқым шаруашылығы 825 тонна тұқым дайындап, бүгінгі таңда репродукциясына қарай 230-300 теңге аралығында шаруаларға сатылуда.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.