Сенбі, 04 Сәуір 2020 22:21

Шымкент: зейнетақыны үйіңізге жеткізіп береді

«ҚазПошта» АҚ жасы 65 тен асқандар мен мүгедек азаматтарға зейнетақысын үйіне жеткізіп беру қызметін ұсынады. Бұл елдегі төтенше жағдайға байланысты қолданған уақытша қызмет. Мұны арнайы баспасөз жиынын өткізген сала мамандары айтып отыр. Себебі, егде тартқан азаматтар арасында ковид-19 вирусын жұқтырып алу қауіпі жоғары болуы мүмкін.

Әр айдың бесінші жұлдызына дейін банк пен почтаға зейнетақы төлемі түседі. Осы уақытта банкке баратын азаматтар қатары артады. Мәселен, Шымкентте халық банктің 500 мың тұтынушысы болса, оның 100 мыңы зейнеткерлер. Шымкент қаласының тұрғындары арасында шот арқылы төлемақылар алып жүрген қарт кісілерге картасын рәсімдеп, мекен-жайға жеткізу қызметі де қосылды. Бұл жасы 65 тен асқандарға тегін, ал басқа да азаматтарға 200 теңгелік ақылы қызмет. Ондағы мақсат - қызметкерлер мен тұтынушылар саулығына жіті мән беру болатын.

«Барлық қызметкерлер санитарлық талаптарға сай жабдықталды. Басқарма қызметкерлері, операторлар, хат тасушылар, сұрыптаушылар, көлік жүргізушілері мен инкассаторлардың барлығы дерлік бетперделер, қолғаптар және антисептиктермен қамтылды. Мүмкіндігі шектеулі және жасы 80-нен асқан азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақылары мекен-жайларына арнайы сақтық киіммен қамтылған мобильдік топпен жеткізілетін болады. Зейнетақыны алу уақыты басталған кезде тұрғындарды міндетті түрде бетперде киіп, сақтық шараларын жасап, кемінде 2 метр араларына ара-қашықтық ұстап, сабыр сақтап қызмет алуға шақырамыз» - дейді «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Бақытжан Ысқақ. Айта кетейік, халық банк бұрынғыша таңғы 9дан бастап, кешкі 18-00 ге дейін жұмыс істейді. Адам шоғыры артып жатқан уақытта қосымша еріктілерді тартып, сапалы қызмет ұсынуға күш салуда екен.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 337 рет