Пандемия кезінде карантин талаптары күшейіп, қоғамдық автобустардың қызметі тоқтады. Бұл – кононавирус індетінің тарауына тосқауыл қоюдың негізінде жасалған маңызды шешім. Хош, енді жұмысы тоқтамаған қарапайым халықтың жүріп-тұруы таксиге қарап қалды. Сөйтіп, әлеуметтік желіде «бағаны аспандатып жіберді» деген тұрғындардың жазбасы, арыз-шағымы қаптаған. Оған Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары жауап қайырды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов таксопарк желісінің басшыларымен кездесу өткізіп, бір мәмілеге келіпті. Екі арада қызметті санитарлық талаптарға сай және баға тұрақтылығын сақтап қалу жөнінде келісім жүрген-ді.
Уәде берілді. Енді орындалуы керек қой. Иә, жергілікті әкімдіктің алдына жиналған көлік жүргізушілері де уәдеге берікпіз деп жиылған. Тек жалған айып тағылып отырған көрінеді. Диспетчердің көмегімен ғана өтінім қаралып, қызметін көрсетіп келе жатқан сала мамандары барлығы қадағалаудан өтетінін айтып отыр. Оның үстіне баға тұрақтылығы да сақталыпты. Бұл мәселе жеке көлік иелерінің жолаушылар тасымалымен айналысып, өзін таксист санаушылардың қатары артқанымен байланыстырады.
Қазір Шымкенттегі әр такси компаниясының 30-40 автокөлігі жолаушыларға қызмет етеді. Олар мобильді қосымшасы немесе диспетчер қызметін қолданып, жұмысын жүйелеген. Бір шақырылымда екі ғана жолаушыны отырғызып, карантин талаптарын сақтап отыр.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.