Дүйсенбі, 11 Мамыр 2020 12:54

«Nur Otan» Мақтарал ауданына 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді

«Nur Otan» партиясы су тасқынынан зардап шеккен Мақтарал ауданына 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберген.

Ал «Jas Otan» волонтерлері мен белсенділері жергілікті жерде жеткізілген көмекті тұрғындарға үлестіріп берумен айналысып жатыр. Бұл туралы Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Instagram парақшасында парақшасында жазды.

«Құрметті достар! Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтарал ауданының тұрғындары толығымен жаңа және жөнделген баспанаға ие болады. Әрбір тұрғын республикалық бюджет есебінен 100 мың теңге алады. Елбасының тапсырмасымен Мемлекет басшысы бастаған әлеуметтік қолдау шараларына қосымша ретінде «Nur Otan» мақтаралдықтарға 400 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Көмектің ішінде жеке тазалық құралдары, киім-кешек, төсек орын мен басқа да керек-жарақтар бар», - деп жазды Бауыржан Байбек.

Оның хабарлауынша, «Jas Otan» жастар қанатының волонтерлері мен белсенділері халыққа көмекті таратып беру жұмысымен айналысып жатыр.

«Көмекті уақтылы ұйымдастыруға атсалысқан партияластар мен белсенділерге алғыс айтқым келеді. Әсіресе біздің партияның жастар қанатының жұмысын ерекше атап өтуге болады. Бірлік, ынтымақ және өзара көмек қолын созу секілді қасиеттер тап осындай қиын-қыстау сәттерде көрінеді» - деп жазды Бауыржан Байбек.

Сондай-ақ, ол Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Nur Otan» партиясы мен «Birgemiz» қоры қазақстандықтарға атаулы көмек көрсетуді жалғастырып жатқанын тілге тиек етті.

«Бүгінгі күнге дейін 150 мыңнан астам отбасы азық-түлік себеті мен антисептикалық құрал алды. Бұған қоса 100 мың отбасы тегін маскамен қамтамасыз етілді. 360 мың отбасы 50 мың теңгеден бір жолғы төлеммен қамтылды. Отбасы мүшелерін қоса есептегенде, бұл шамамен 1 млн қазақстандықты құрайды» - деді партия Төрағасының бірінші оранбасары.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.


 

Оқылды 380 рет