Жұма, 01 Мамыр 2020 23:53

Шымкент: Еңбекші ауданында биыл 64 аула абаттандырылады

Еңбекші ауданында күні бүгінге дейін 519 аула абаттандырылған. Биыл тағы - 64, келер жылы 47 ауланы абаттандыру жоспарда бар. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың Тоғыс тұрғын алабына барған сапарында мәлім болды.

Қала басшысы ондағы Мұнай барлаушылар көшесіне салынған ойын алаңшасымен танысты. Мердігер компания ғарыштық үлгіде бой көтерген балалар алаңшасына құрылғыларды арнайы Ресейден алдырыпты. Маңында үш спорт алаңы да бар. Бүгінде тұрғындар ол жерге видео-камера орнатуды ойластырып жатыр. Тек пандемияға байланысты елде жарияланған төтенше жағдай қолбайлау болып отырған көрінеді.

"Бұрын ойын алаңшасының орнында тозған кәріз жүйесінен аққан сасық су көлдеп, Бадам өзеніне ағатын. Кәріз жүйесі мен ауыз сумен үлкен мәселе еді. Қазір жағдай жақсарды. Кәріз жүесі жаңарып, тәулігіне 24 сағат тіршілік нәрі беріледі. Өткен жылы электр жүйесі тартылды. Сондықтан жүйелі жұмыспен біздегі мәселелер шешілуде. Әкімдікке алғыс айтамыз. Мынадай ойын алаңшасы Астанадан басқа еш жерде жоқ сияқты. Өздерінде ойын алаңшасы болса да, көршілес Маятас, Елтай, Айнатас елдімекендерінің балалары осында келіп ойнайды", - дейді Мұнай барлаушылар көшесінің төбе биі Талиба Бурковецкая. Тұрғындардың айтуынша, бүгінде көшені жарықтандыру мәселесі өзекті. Мұрат Әйтенов жарықшамдарын орнатудың оңтайлы жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 428 рет