«Қазіргі уақытта Мақтааралда судан зардап шеккен тұрғындарға бүкіл республика халқы болып, жер-жерден көмек жіберіп жатыр. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласының этномәдени бірлестіктері де үлес қосу үстінде. Біз 8,5 млн теңгеге қаражат жинап, сол қаражатқа азық-түлік және өзге де керекті заттар сатып алдық. Міне, бүгін сол бір КамАЗ болған жүкті Мақтааралға жібердік. 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай да көмегіміз бар», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов жүкті жөнелту барысында.
Мақтаарал тұрғындарына арналған гуманитарлық жүкті жөнелтер алдында «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов құран оқып, көлік жүргізушілеріне сәт-сапар тіледі.
«Қазіргі уақытта Мақтаарал тұрғындары үлкен қиындыққа ұшырап отыр. Осыған орай ел басшылығы өңір тұрғындарына қолдау көрсетуде. Елбасымыз да «Біз біргеміз« деген қайырымдылық жобасына ұйытқы болды. Елордамыздың «Достық« үйі осы жобаны жалғастырып жатыр. Рамазан айында мұндай сауап еселене түседі. Жасаған жақсылықтың сауабы 700 есеге дейін артады. Осыған ат салысқан адамдарға Алла жар болсын! Бұл қайырымдылық жүгіміз діттеген жеріне аман-есен жетіп, елдің игілігіне жараса деген шынайы ниетіміз бар», - деді Ерболат Жүсіпов.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.