Комитет мәліметі бойынша, аудандағы апат салдарын жоюға ІІМ, Қорғаныс министрлігі, жергілікті атқарушы органдардың және Өзбекстан Республикасы ТЖМ-ның 1 626 маманы, 324 техника, 17 қайық, 217 су сору техникасы жұмылдырылды.
«Нұрлыжол, Жаңатұрмыс, Фердоуси, Өргебас, Достық және Жеңіс ауылдарында 6,1 млн текше метр су сорғызылған. Нұрлыжол, Фердоуси, Өргебас, Ырысты және Жантақсай ауылдарында жалпы ұзындығы 22 шақырым уақытша бөгет тұрғызылды, Мырзакент ауылы бағытында 3 коллектор орнатылды, құм салынған 87 мың қап төселген. Жеңіс, Өргебас, Фердоуси ауылындарында Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері су басқан үйлерді және аулаларды саз балшықтан тазартып жатыр», делінген хабарламада.
Апаттар медицинасы орталығының шұғыл бригадасы Фердоуси, Өргебас және Нұрлыжол ауылдарының 30 тұрғынына медициналық көмек көрсеткен. Бұдан басқа, Түркістан облысының ТЖД мен Апаттар медицинасы орталығының психологтары Жеңіс және Фердоуси ауылында 226 тұрғынға шұғыл психологиялық көмек көрсеткен. Қазір ауданда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 4 блокпост (Жаңатұрмыс, Фердоуси, Өргебас, Жантақсай ауылдарында) қойылған.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.