Бейсенбі, 14 Мамыр 2020 11:17

Мақтаарал ауданының тұрғыны әкесі мен қарт туысын қауіпсіз аймаққа алып шыққан полицейлерге алғысын білдірді

Мақтаарал ауданының тұрғыны Гузал Маметова Мақтаарал АПБ-нің полицейлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметкеріне өзінің шынайы алғысын білдірді,-деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, бұл отбасыға полицейлер қиын шақта қол ұшын созып, су тасқыны кезінде Мырзакент ауылындағы үйінде қалып кеткен тұрғынның әкесі мен қарт туысын эвакуациялап, қауіпсіз жерге шығуына көмектескен. Әйелдің айтуынша, ТЖ кезінде су басу қаупі салдарынан ол отбасымен Атакент ауылына қарай эвакуацияланған. Мырзакент ауылындағы үйінде оның әкесі мен қарт ағасы қалған. Бұл кезде Мақтаарал АПБ-нің полицейлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірге адамдардың үйлерінде қалып кетпеуі үшін, әрбір үйлерді аралап шығып, көшеде патрульдеу жұмыстарын жүргізді. Содан Мақтарал АПБ ЖПҚ-нің учаскелік инспекторы полиция капитаны Асхат Асқаров қалған екі адамды тауып, көмектескен.
Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірге полицей ауыл тұрғындарын қызметтік автокөлікке отырғызып, қауіпсіз аймаққа көшірген. Су басу қаупі бітіп, жағдай бірқалыпты болғаннан кейін Мырзакент тұрғындары үйлеріне қайтуға мүмкіндік алды. Олардың өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ.
"Біз науқас ағамызды алып шыға алмайтын болғандықтан оны әкеммен үйде қалдыруды шештік. Нәтижесінде, полиция қызметкерлері келіп, оларды алып шыққан екен. Полицейлерге рахмет, жақындарымды жалғыз қалдырмады. Өздерінің қызметтік көліктерімен Атакентке алып келді, біз оларды күтіп тұрдық. Қазір жағдай жақсы, біздің ауылды су басқан жоқ, көмектескендеріңіз үшін рахмет. Көкемнің денсаулығы жақсы, рахмет!"- дейді Мырзакент ауылының тұрғыны Гузал Маметова тәртіп сақшыларына алғысын жаудырып.
Полиция қызметкерлері 14,5 мыңнан астам адамды су басу қаупіне байланысты кент аумағынан көшіруге көмектескен. Сонымен қатар, Мырзакент, Фердоуси және Өргебас ауылдарында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін 270 адам мен 8 бірлік техника жұмылдырылған. Осы бағыттағы жұмыс бүгінгі күні де жалғасуда.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 451 рет