Жұма, 15 Мамыр 2020 11:11

Түркістандық ардагерлер Мақтааралға 1 млн теңгенің көмегін жеткізді

Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы қайырымды іс жасады. Ардагерлер ұйымының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, оның орынбасары Пернетай Досыбеков, «Бітімгер» медитаторлар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев бастаған топ Мақтаарал ауданына гуманитарлық көмек көрсетуге аттанды.

«Мақтаарал ауданындағы тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға өзге өңірлер мен Түркістан облысына қарасты барлық аудандардан гуманитарлық көмектер жеткізіліп жатқанынан хабардармыз. Оған қоса еліміздің түкпір-түрпірінен қол ұшын созған азаматтардың да азық-түлік пен киім кешек және күнделікті қолданысқа қажетті заттары жеткізілуде. Осы тұрғыда бізде Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы атынан 1 миллионға жуық қаржыға жастарға, оқушыларға, ересек адамдарға арналған қажетті жаңа киім кешек алып бара жатырмыз. Қазақта «қайғыны бөліссең азайады» деген жақсы сөз бар. Сондықтан, мақтааралдық бауырларға барып, көмек қолын созып, біз сіздермен бірге екенімізді көрсетіп қайтпақ ниеттеміз», – дейді Түркістан қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов.

Айта кеетйік, көршілес Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасын жарып келген тасқын Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас және Достық ауылдарын, жеті мың гектардан аса алқапты топан су шайып кеткен болатын. Іле-шала төтенше жағдай жарияланып, жаппай эвакуациялық жұмыстармен қатар, апаттың алдын алу жұмыстары, зардап шеккен азаматтарға Үкімет, ел болып жұмылып, иық теңестіріп еңсеру мақсатында барша жұрт бірігіп қол ұшын созып, көмек көрсетуде.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 415 рет