Жұма, 15 Мамыр 2020 11:28

Мақтаарал: Әскери сарбаздардың ерлігі

Техногендік апаттың салдарын жою, тілсіз жаумен күрес – бұл Мақтаарал ауданында техногендік апат салдарын жоюға келген әскерилердің күнделікті өмірі. 

Оңтүстікке көмекке келген ұзынағаштық 28237 әскери бөлімінің жедел механизацияланған отряд сарбаздары 10 мамыр күні Жеңіс елдімекенінде газ құрылғысымен жабдықталған Мерседес автокөлігінен өрт шыққанын байқайды.  Оқиға орнына жедел барған әскери қызметшілер автокөліктегі өртті сөндіріп, көлік иесіне көмектеседі. Шұғыл әрекеттің арқасында көлік иесіне зақым келмеген. Бұл батырлардың есімі – майор Жұмабеков Бауыржан және қатардағы жауынгер Нури Бағлан.

Ал Шымкент қаласынан келген 6506 әскери бөлімінің қызметкерлерінен құралған жасақ Мырзакент ауылында патрульде жүріп, таңғы 4-5 шамасында тұрғын үйлердің бірінен газ баллонының жарылғанына куә болады. Өрт басталған үйдің есігін ашып, көршілеріне хабар бере отырып, үй иесін шақыртады. Кезекші аға лейтенант Құдайбергенов Серік өрт болған жерге учаскелік полиция қызметкерін және өрт сөндіру командасын шақыртады. Өртті сөндіріп, адамдар қауіпсіздігі үшін шеп құрады. Бұл сарбаздардың күнделікті басынан өткізіп жатқан оқиғалардың бір парасы ғана.

Атап өтейік, қазіргі таңда Мақтаарал ауданындағы су басқан аймақта 1626 адам, 324 техника, 17 қайық, 217 мотопомпа жұмыс істеуде.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 408 рет