Жұма, 15 Мамыр 2020 12:23

Түркістан облысында тасқынға тап болған аудандардағы су сапасы күнде тексеріледі – Экология министрлігі

Түркістан облысында тасқынға тап болған аудандардағы су сапасы күнделікті тексеріледі. Бұл туралы толығырақ Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов айтып берді.

«14 мамырда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Өзбекстанның су шаруашылығы министрімен Шымкентте кездесу өткізді. Келіссөздер барысында Сардоба су қоймасына халықаралық және қазақстандық сарапшылардың қатысуымен техникалық аудиттің жүргізілетіні жайлы шешім қабылданды. Осы тексерістің нәтижесі бойынша су қоймасының тағдыры нақты шешіледі», - деді Ахметжан Пірімқұлов.

Оның айтуынша Түркістан облысындағы төтенше ахуалдың алғашқы күнінен бастап оқиға орнында «Қазгидромет» мамандары жұмыс жүргізіп, күн сайын мониторинг жасауда. Олар күнделікті сондағы су сапасын тексеріп жатыр.

«Қазіргі таңда адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіретіндей қандай да бір зиянды заттар кездескен жоқ. Мониторинг жалғасады. Оның нәтижесі туралы алда қосымша хабарлаймыз», - дейді вице-министр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.


 

Оқылды 422 рет