Жексенбі, 17 Мамыр 2020 17:45

Бәйдібектік еріктілердің еңбегі ерен

Кешегі су тасқыны орын алған Мақтаарал тұрғындарының қал-жағдайын біліп, оларға барынша көмегін аямаған Бәйдібектіктер Мақтаарал ауданына тағы да ат басын бұрды.

Үйлері суда қалып, қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаның күткен Мақтааралдықтар #14 колледж ғимаратында шоғырланған екен. Бәйдібек ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, аталмыш мекенжайға келіп, Бәйдібектің Ерікті жастары ауызашар беріп жатыр. Шараға Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, Бәйдібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Өскен Алдамжаров, жеке кәсіпкер Асқар Кенехан, Мәдениет бөлімінің басшысы Ерғали Есмұрзаев және аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Асыл Абжалов қатысып, елді бірлікке, ынтымаққа, сабырлы болуға шақырды.

Таңғы 6:00-де Шаяннан жолға шыққан Бәйдібектің ерікті жастары Мақтааралға келіп, азық-түліктерін дайындап, тоқты сойып, құрбандыққа шалып, құран бағыштады. Арнайы берілген дәмнен кейін бала-шағаларға тәтті тағамдар (мороженое) таратылып, халықтың ықыласына бөленді. Ауызашар беру сауапты іс. Аузы берік жанды ауыз ашарға шақырып тамақ берген кісі — ораза ұстаған адамның сауабындай сауапқа кенеледі делінген. Ниеттері қабыл болсын!
Бәйдібектік Еріктілер ерлігімен еленіп, Мақтааралдықтардың алғысына бөленіп қайтты. Ізгілікті шаралар одан әрі жалғасын табады дейді ұйымдастырушы жастар.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 494 рет