Сенбі, 29 Мамыр 2021 13:50

Шымкент: «А-2» автомобиль жолын қайта құру жұмыстарының ІІ кезеңінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде

Шымкент қаласында «А-2» автомобиль жолын қайта құру жұмыстарының ІІ кезеңінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қала әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов бастаған арнайы топ 2020-2022 жылдар аралығына жоспарланған нысанға барып, жұмыс барысымен танысты.

А2 «Хоргос-Алматы-Шымкент» автожолының 2-ші кезеңі нысанының жалпы ұзындығы - 2,45 шақырым.

Қазіргі уақытта жолдың 900 метрден астам бөлігінің асфальт төсемі төселген және аяқжол орнату жұмыстары атқарылуда. Бүгінде жұмыстардың 30 %-ы аяқталған. Құрылысқа жауапты бас мердігер - “Отау-Строй” ЖШС-і.

Бүгінгі таңда 24 жер телімін қайтаруға қажеттілік туындауда. Жер телімдерін қайтару мәселесі шешілген жағдайда нысанды биыл аяқтау жоспарда.

Сондай-ақ, Шымкент қаласында Қонаев даңғылы құрылысының ІІ кезеңі жүргізілуде.

Қазіргі таңда аталған нысанда мемлекет мұқтаждығына алынған 12 үйді сүру жұмыстары жүргізілді. Жобада Әйтеке би көшесімен ұзындығы 600 м жол асты өткелі (тоннел) бөлігі қарастырылған. Бірінші кезекте құрылыстың негізгі жұмыстарын (тоннел қазу) бастау үшін Әйтеке би көшесі бойындағы нысандарды мемлекет мұқтажына қайтару қажет.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 235 рет