Сәрсенбі, 21 Шілде 2021 14:31

Арыс: Шомылу маусымында қауіпсіздік күшейтілді

Жаз мезгілінде шомылу маусымы қызатындықтан азаматттардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс.

Әсіресе, балалардың өзен жиегі мен бассейіндерде, су тоғандарында шомылуы кезінде сақтық шаралары қажет-ақ. Осы мақсатта Арыс қаласы әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімі мамандары бірлесіп, демалыс күндері ауқымды шараның бір бөлігін атқарды.

Шомылу орындары мен суға түсу кезінде қатаң сақталуы тиіс қағидалар жазылған екі мыңнан астам парақша таратылды. Түрлі-түсті суретті әрі қазақ және орыс тіліндеді жадынама қала тұрғындары мен қонақтарына үлестірілді. Ол жерде судан сақтану мен алғашқы көмек көрсету кезінде жасалуы тиіс амал-әрекеттер жазылған.

Айта кетейік, бұған дейін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Арыс ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Әуезхан Бейсенов пен азаматтық қорғаныс тобының офицері, лейтенант Әмір Амангелдиновті қабылдап, шұғыл тапсырған болатын.

Кездесуде өзен жағасынан арнайы шомылатын орындар жасап беру арқылы қайғылы оқиғалардың алдын алу жайы талқыланған. Тиісті сала мамандарымен кеңесе келе, Теміржолшы елді мекенінің маңындағы Арыс өзені бойынан қала тұрғындары үшін қолжетімді коммуналдық жағажай орны жасалды.

Бүгіннен бастап бұл жерде арнайы мамандандырылған кезекші топ жұмыс істей бастады.

Жалпы биылғы шомылу маусымында қаладағы су айдындарында 5 адам қаза болса, оның 4-і 18 жасқа толмаған жасөспірім.

Мамандардың зерделеуіне сүйенсек, төмендегідей жағдайлар қайғылы оқиғалардың негізгі себеп болатын көрінеді:

- жүзе білмеу және өз күшін дұрыс бағаламау;

- балаларды өзен жиегінде үлкендердің қарауынсыз қалдыру;

- жеке құтқару құралдарын пайдаланбай балық аулау;

- спирттік ішімдік ішіп суға түсу;

- қолдан жасалған тоғандардан өту кезіндегі жазатайым жағдайлар.

Қазіргі кезде Арыс қаласының территориясынан екі өзен – Сырдария (110 шақырым) мен Арыс (47 шақырым) өзені ағып өтеді. Мамандардың айтуынша, аталған өзен сағаларында шомылуға қауіпті 15-тен астам учаске бар.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 201 рет