Жұма, 17 Маусым 2022 01:04

ҚАЛА КҮНІНЕ ЖИҺАЗ ФАБРИКАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласында қала күні мерекесіне орай «Тассай» индустриялық аймағында 250 жаңа жұмыс орны ашылып, 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның бірі - кеңсеге, мектепке шкафтық жиһаздар мен жиһаздар шағаратын «Mega Smart B2B» ЖШС-ы.

Жаңа фабриканың ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. «Қаламызда мемлекеттік қолдау арқасында жаңа өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта Шымкентте қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала экономикасы өсімінің негізгі алаңдары болып табылатын арнайы экономикалық, индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс жасауына ерекше көңіл бөлінуде. Қала күніне орай «Тассай» индустриялық аймағында іске асырылған жобалар санын жиырмаға жеткізіп отырмыз. Сол кәсіпорындардың бірі – «Mega Smart B2B» жиһаз фабрикасы болып табылады» деген Ш.Мұқан кәсіпорынды ашылуымен құттықтады.

Көлемі 2 гектар аумақты құрайтын 750 млн.теңгелік инвестициялық жоба нәтижесінде 100 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс ошағы жылына 120 мың жиһаз бұйымдарын шығаруға қауқарлы.

Одан бөлек мереке қарсағында тағы да бірнеше кәсіпорын іске қосылып, шымкенттіктер үшін бос жұмыс орындары ашылды. Бұл шырайлы Шымкент қаласының туған күні қарсаңындағы алғашқы жағымды жаңалық. Мерекелік іс-шара түрлі бағыттағы жағымды жаңалықтарға толы болмақ. Яғни, алда қала түрғындары мен қонақтарын түріл іс-шаралар күтіп тұр. Айтпақшы, Нұрсәт-2 шағынауданының балалары арасында «Аула чемпиондары»  сайысы сондай іс шаралардың бірі.  Жарысқа 100-ден астам жасөспірім қатысып,  асық,  баскетбол,  турникке тартылу,  пенальти және ләңгі тебу сынды ойын түрлерінен бақ сынады.

 Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қаратау ауданы әкімдігінің бастамасымен өткен жарыс бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған. Жиынға каратэден Токио олимпиадасының қола медаль иегері Д. Асадилов,  Қаратау ауданының әкімі Р. Мүлкеманов,  аталмыш басқарма басшысының орынбасары Е. Дәрменов қатысып, кәсіби бапкерлер балалардың сайысына төрелік етті.

Балалар Олимпиада жүлдегерінің құттықтау сөзінен серпін алып, чемпионат орындарында белсенділік танытты.

Сайыс соңында Қаратау ауданының әкімі Р. Мүлкеманов бүлдіршідерді жеңісімен құттықтап,  жеңімпаздарды арнайы диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ,  «Барлық бала чемпион» қағидасына сай белсенділік танытқан барлық балаға кәсіпкерлердің демеушілігімен сыйлықтар мен балмұздақ үлестірілді.   Чемпионаттан соң балалар көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 218 рет