Жексенбі, 19 Маусым 2022 01:39

«ҚАЛАҒА ХАТ» ТАҚТАЙШАСЫ ОРНАТЫЛДЫ

Абай ауданы әкімінің бастамасымен қала күні қарсаңында «Шымкент — менің сүйікті қалам» мерекелік шарасы өтті. Салтанатты шара аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, жиын концерттік шараға ұласты.

— Шымкент — тарихы терең, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін ерекше сақтаған, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда да республикада алдыңғы орындағы қалалардың бірі.  Шаһар өмір сүру жағдайы жайлы өңірге айналып, қала келбеті жыл сайын көркейіп келеді. Бүгінде заман талабына сай  инфрақұрылым қалыптасып, жаңа шағынаудандар, кең көшелер, спорт алаңдары мен түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Әр жыл сайын халық сұранысына қажетті спорт, мәдениет және әлеуметтік нысандарды көбейтуге күш салып келеміз, - деді Абай ауданы әкімінің орынбасары Н.Тілеш.

Жиын барысында Шымкенттің дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, түрлі интеллектуалды ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға брендбуктар табысталды.

Айтпақшы, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Кең баба» этно-саябағында да қала күніне орай «Туған өлкем – қандай көркем» іс-шарасы өтті. Бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге кітап оқуды дәріптеп, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған жиынға Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, ақын Д.Танабаев, жазушы С.Олжабай және ақын Д.Айманбет қатысты.

— Еліміздегі тарихы терең бойлаған көне шаһар Шымкент пен бүгінгі жас мегаполисті бүлдіршіндерге кеңінен таныстырып, олардың туған өлке туралы дүниетанымын кеңейту мақсатында бүгінгі шараны қолға алып отырмыз.  Іс-шара барысында көрермендер үшін «Қалаға хат» тақтайшасын орнаттық. Келушілер онда өздерінің қалаға деген ыстық лебізін, тілегін қалдырып жатыр, - деді  Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Гүлжан Талғатқызы.

Салтанатты шара барысында қаламгерлер жиынға көрсем, білсем деп келген бүлдіршіндер мен олардың тәрбиешілеріне, атсалысып жүрген кітапхана қызметкерлеріне алғыс білдіріп, рухани дүниесі бай әрбір өскелең ұрпақтың ел келешегі екенін атап өтті.

Іс-шарада «Нұрсәт» өнер мектебінің оқушылары және Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.  Сондай-ақ, бүлдіршіндер Шымкент қаласының тарихына қатысты сұрақтарға жауап беріп, үздіктерге сый-сияпат жасады.

 

 "AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 321 рет