Жұма, 24 Маусым 2022 20:15

ҚАЛА ӘКІМІ ШАҺАРДАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫН КӨРДІ

 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов - «Сәуле» шағынауданы 276 орамды аралап, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын бақылады. Қазір 276 орамда инженерлік жүйелермен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Елді мекен ауыз сумен толық қамтылған. Сапалы электр жарығын жеткізу үшін құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Ұзындығы 76,2 шақырымдық ішкі орамдық желі тартылады. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы орындалған. Шілде айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.  Нәтижесінде, 1300-ден астам абоненттің мемлекеттік жарықты қолдануына мүмкіндік тумақ.

Ал табиғи газбен қамту үшін ішкі орамдық құбыр жүйесін тарту жұмысы осы жылдың шілде айында басталады. Газ жүйелерінің ұзындығы – 28 шақырым. Жыл соңына дейін аяқталады деген жоспар бар.

Келесі кезекте шаһар басшысы -  Асар-2 шағынауданына атбасын бұрды. Және Асар-2 шағынауданының инфрақұрылым тартылмай қалған бөлігінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Асар-2 елдімекенін сапалы ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2700- ден астам абоненттің мәселесі шешімін тапты. Алайда,  шағынауданда инфрақұрылым жобаларына  енбеген мыңға жуық тұрғын үй бар болып шықты. Осы орайда, қала әкімі  жыл соңына дейін қалған аумақтарды ауыз сумен қамту құрылысының ІІ кезеңін аяқтауды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта ішкі орам жүйелеріне құбыр тарту жұмысы атқарылып жатыр.

Шағынауданның қалған бөлігін мемлекеттік жүйедегі электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы биыл атқарылады. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Асар-2 ықшам ауданында кәріз құрылысы да қарқын алған.  Ішкі орамдық кәріз құбырының жалпы ұзындығы 39,6 шақырымды құраса, бүгінде оның 40 пайыздан астамы орнатылды. Нысан келер жылы қолданысқа беріледі.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 334 рет