Бейсенбі, 23 Маусым 2022 09:09

ШЫМКЕНТТЕГІ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛУДА

 Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады.

Қазіргі сәтте шағынаудандағы №№7,10 көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңшасы балалардың игіліген берілген болса, №6,9 үйлердің ауласында жұмыстар жалғасуда. Өндірістік кестеге сәйкес өзге үй аулаларында да жұмыстар басталғалы тұр.

Сайрам шағынауданында көпқабатты 29 үй орналасқан. 2013 жылы шағынаудандағы барлық үй аулаларына абаттандыру жұмысы жүргізілген. Уақыт өте келе балалар ойын алаңшаларының бірқатары көнеріп, қайта құруды қажет еткен.

Айтпақшы, қала әкімі М.Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, шағынауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату 2022-2025 жылдарға жоспарланып, іс-шара жоспары бекітілген болатын. Осы орайда, бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін шаһардағы шағынаудандарда спорт алаңшалары орнатылып келеді. Мәселен, өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін  Сайрам шағынаудандардың бірінде 2 ашық спорт алаңшасы орнатылды.

Осы тұста қала басшысы  М.Әйтенов абаттандырылған аулаларды тексеріп шықты.

Әл-Фараби ауданында қала күні мерекесіне орай А.Байтұрсынов көшесі №88-90, №92, №4 және Рашидов көшесі №25Б, 25В көпқабатты тұрғын үй аулалары толық абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілген-ді.

«Халық қатысатын бюджет» жобасымен тұрғындар өтініштері негізінде Әл-Фараби ауданы аумағында биылға 50 көп қабатты тұрғын үй ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын салу жоспарланған. Оған қоса 9 жаңадан ашық спорт алаңшаларын орнату мен 9 алаңшаны жөндеу жоспарға енген. Қазір 28 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 282 рет