Жұма, 24 Маусым 2022 06:47

ШЫМКЕНТТЕ ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҒЫНЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

Үшінші мегаполисте «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымының ашылу салтанаты өтті. Абай саябағында өткен іс-шараға қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшылары, Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен жастар қатысты.

– «Жасыл ел» бағдарламасы құрылған алғашқы жылдары-ақ оң нәтиже беріп келеді. Осы бағдарлама аясында «Студенттік құрылыс жасақтары», «Жасыл ел» секілді еңбек жасақтары құрылған. Мұндағы мақсат – жастардың жазғы каникулда бос жатпай, еңбек етіп, жалақы табу ғана емес, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбие алуы да маңызды. Себебі, сіздер туған қаламыз – Шымкенттің тазалығына, дамуына үлес қосасыздар. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Кеуенова.
Жиын бұдан кейін концертке ұласып, жергілікті өнерпаздар көпшілікке арнап ән салды. Жауапты мамандардың айтуынша, биыл 1313 жасты бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

 Айта кетейік, биыл «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына 27 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында бұл бағдарлама жастарға жігер берген өміршең бағдарламаға айналды.

Еліміздің әр аймағынан республикалық штабтың бөлімшелері ашылып, олар күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді. «Жасыл ел» еңбек жасақтары қала­дағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен бірлесіп сенбіліктер өткізеді.  Құрылыс нысандарында еңбек етеді. МҮмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын береді. Ұйымдастырушылар  бұл жоба  жас ұрпақты еңбекті бағалауға үйретеді дейді.

– Әрқайсымыз қоршаған орта, туған жеріміз үшін жауап­кер­шілігі­мізді сезінуіміз қажет, бұл – біздің үйіміз, дейді «жасылелдіктер». Ұйымдастырушылар, бұл жобаға жастардың қызығушылығы артып отырғанын айтады. Оған осында келуге ниет білдіргендердің саныннын артып отырғаны дәліл ола алады екен.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 145 рет