Сейсенбі, 04 Қазан 2022 23:52

Отырар: аудан әкімдігі 45 қарияны киелі орындарға апарып, зиярат жасатып қайтты

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жақында рухани астанамыз Түркістан қаласында болғанда көптеген ірі-ірі мәселелерді көтерген болатын. Солардың бірі де бірегейі туризм саласы. Аталған салаға ең бір қолайлы аймақ деп Түркістан облысын да атаған еді. Қазіргі күні кез-келген дамыған мемлекеттің қазынасын осы туризм арқылы толтырып отырғанын білеміз.

Міне, өткен қарттар күніне байланысты Отырар ауданының әкімдігі елге еңбегі сіңген 45 қарияны Бәйдібек ауданына арнайы аттандырған болатын. Яғни, сол аудандағы тарихи-танымдық, рухани жәдігерлермен танысып қайту мақсат етіп қойылды. Аудан қариялары сол аудандағы күллі халқымыз қадір тұтатын Домалақ ана, Ақмешіт тарихи орындарында болып, құран бағыштап тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Қадірлі қарияларды маңызды сапарға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қ.Кизбай сәт-сапар тілеп, шығарып салды.

Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбай ғасырға жуық ғибратты ғұмыр сүріп келе жатқан шәуілдірлік қазыналы қария Іңкәрбек Батырбеков пен арыстық Бердалы Сейдуәлиевтің және темірлік ардақты ана Қалдар Қуатбаеваның құтты шаңырақтарында болып, ардагерлерді қастерлі мерекелерімен шын жүректен құттықтап, сый-сияпаттарын тапсырды. Аудан әкімі орынбасарының ыстық ықыласты жылы лебіздеріне көңілдері марқайып қуанған қариялар шынайы алғыстарын айтып, қалың елдің аман-есен бақытты ғұмыр сүре берулеріне тілектестік ниеттерін білдірісіп, ақ баталардың тиегін ағытты. Өмірден көргені мен зерделі көкірегіне түйгені мол қазыналы қарттарды, абыз ақсақалдарды, жалпы жасы үлкендерді қадірлеп, қастерлеу қанымызға сіңген үлгілі де ізгі дәстүр десек қателеспейміз. Ұлтымыздың бойындағы осы бір озық салт-дәстүріміз үзіліп көрген емес. Әр жыл сайын Халықаралық қарттар күні ретінде кеңінен аталып өтетін мерекеге биыл да ерекше мән берілді.

Халықаралық қарттар күнінің тарихына тоқтала кетсек, бұл күн мереке ретінде 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды. Аталған мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі. Және оның аясында қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, қарттарға құрмет көрсету акциялары, мемлекет тарапынан біржолғы қаржылай көмек, сондай-ақ, азық-түлік себеті, шипажайларға жолдама және тағы басқа. Сол секілді, егде жастағы жандарға арналып мерекелік концерт те ұйымдастырылады. Одан бөлек, қарттарға арналған ауқымды шараның бірі «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық жобасы. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр қолға алған жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу жоспарланған. Жоспарға сай онда егде жастағы жандар бос уақытын өткізе алады. Аталған орталықта ағылшын тілін үйрену, компьютерлік сауаттылық курстарынан өту, емдік дене шынықтыру, би және тағы басқа шараларды өткізу қарастырылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде 2 млн 236 мың қарт жан (зейнет жасындағы) бар. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 65 жастан асқандар халықтың 7,5 пайызын құраса, ал 2030 жылы 11,5 пайызын құрайтын болады. Осы мерекеге орай, елімізде қарттарды қолдаудың айлығы өткізіліп келеді. Бұл акция осыдан бірнеше жыл бұрын ардагерлер ұйымының бастамасымен шыққан еді, содан бері ол дамып, қоғамымызда жаппай қолдауға ие болуда. Қарттарға қайырымдылық көмек берушілердің саны жылдан-жылға көбейіп, әлеуметтік көмек алушылар саны да арта түсуде. Осының өзі қоғамымызда қарттарға деген қамқорлықтың, оларға деген жанашырлықтың арта түскенін айғақтайды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккер­леріне деген қамқорлыққа қарттар дән риза. Қазір елімізде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлері көп қалған жоқ. Оларға деген үкімет пен қоғамның қамқорлығы үнемі жасалып тұру керектігін мемлекет басшысы үнемі ескертіп отырады.

            «AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 233 рет