Дүйсенбі, 21 Қараша 2022 02:16

ШАҺАР БАСШЫСЫ ТҰРАНДАҒЫ ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫН ТЕКСЕРДІ

 Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Тұран шағын ауданындағы жаңадан бой тіктеген тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексеріп, мердігер мекеме басшыларымен кездесті.

Атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап, сала басшыларына жұмыстың мерзімінде орындалуын қадағалауды тапсырды.

Мұндағы 176 пәтер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «5-20-25» бағыты бойынша үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы банкі» арқылы берілуде.

Өткен айда шаһар басшысына тұрғындар тарапынан «Отбасы банкі» жариялаған конкурстың нәтижесі бойынша төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға пәтерлердің уақытынан кешіктірілгені жайында шағым түскен. Осыған байланысты Мұрат Әйтенов жауапты мердігер мекеме басшыларымен құрылыс басында кездесіп, жұмыс барысын талқылады.

Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобаларда кедергі болған мәселелер толықтай шешімін табатынын атап өтті.

Тілге тиек етейік, 2022 жылы бюджет есебінен жалпы құны 56,8 млрд теңгені құрайтын 90 нысанның құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде 31 кредиттік тұрғын үй және 20 арендалық тұрғын үй салынуда. Ал инженерлік инфрақұрылым бойынша 15 нысан (Тұран ш/а 5 жоба, Бозарық ш/а 6 жоба, ӘІО 2 жоба және Жанаталап т/а 2 жоба) жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, бүгінгі таңда қалада 8 мектеп, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығы пайдалануға берілмек.

 

Оқылды 78 рет