Сәрсенбі, 24 Мамыр 2023 21:43

ШЫМКЕНТТЕ ТУРИСТІК НЫСАНДАРҒА КӨЛІКТЕР ТҰРАҚТЫ ҚАТЫНАЙДЫ

Шымкент қаласында қонақтар мен жергілікті тұрғындардың жиі баратын туристік орындарының саны отыздан асады. Олар «Шымқала» тарихи-мәдени кешені, А.Асқаров атындағы дендросаябақ, Шымкент хайуанаттар бағы, «Қазына» этносаябағы, Бәйдібек би ескерткіші, Жайлаукөл саябағы, «Арбат» жаяу жүргіншілер демалыс аймағы, Абай, Кеңбаба, Тәуелсіздік, Металлург саябақтары, Қошқарата өзенінің жағалауы, сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабындағы орта ғасырлық сәулет ескерткіштері және тағы да басқа нысандар бар.

Қала аумағында орналасқан туристік нысандарға көліктің барлық түрлерімен жеткізу толығымен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне № 1, 6, 12, 84, 27, 92, 6, 32 қоғамдық көліктер, Сайрам тұрғын алабында орналасқан Ибрагим ата, Қарашаш ана және тағы басқа нысандарға № 30, 71, 139, 148, «Қазына» этно-саябағы, Дендросаябақ, Зообақ, Жайлаукөл саябағына №126, 17, 52, 70 қоғамдық көліктер алып барады. 

Сонымен қатар, қалада бірқатар мобильді қосымшамен тасымалдайтын такси қызметі кеңінен тараған. Яндекс go такси қызметі қала аумағында тасымалдаса, InDrive Шымкент қаласынан басқа өңірлерге жеткізеді. 

Одан бөлек, Шымкент қаласында және Түркістан облысына топпен немесе жекеше саяхат ұйымдастыру жолға қойылған. Егер Шымкент қаласына келген қонақ әрі қарай басқа өңірлерге баратын жағдайда қала автовокзалдарынан көліктер тұрақты түрде барлық бағыттарға қатынайды.

Айта кетейік, Шымкент шаһарының өзінде 110 туристік нысан, 10 саябақ, 7 мұражай, 25 әлеуметтік-мәдени нысан, 6 табиғи су қоймасы орналасқан. Сала мамандарының айтуынша, Шымкентке келетін туристердің басым бөлігі ішкі туристер көрінеді. 

Статистика бойынша шаһарда 121-ге жуық қонақ үй мен 5000 жатын орындары бар. Алайда, қонақ үйлерде орын жоқ. Наурыз айынан бастап туристер көп келетіндіктен, алдын-ала орынға тапсырыс беріп қоймаса, бұл жаққа келген соң қонақ үйді іздеу қиындық тудырады. Орташа есеп бойынша ішкі туристер күніне 30 мың теңге жұмсайды. Ал, шетелдік туристер үшін 3 күнге 300000 теңге жетеді.

 

Оқылды 165 рет