Шымкенттік кәсіпкерлерге арналған вебинар өтті
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында онлайн-сауда платформасын меңгеру бойынша вебинар-курс ұйымдастырылды.
Онда шағын кәсіпкерлер Wildberries маркетплейсінде сауда-саттық жүргізу туралы біліктілік арттырды.
Алдымен кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев елімізде жүзеге асырылып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасы туралы қысқаша мәлімет беріп өтті.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы ХХ ғасырдың 70-жылдары Жапонияда басталған. Мұндағы мақсат – бір елдімекен немесе бір кәсіпкердің бәсекеге қабілетті, белгілі бір өнім өндіріп, нарыққа шығаруы. Осылайша бизнеске айналатын өнім арқылы кірісті арттырып, экономикалық әлеуетті көтеру көзделеді. Қазіргі таңда бұл жоба әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылуда. Оның ішінде Қазақстан да бар. Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен 2023 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан жобаның орындаушысы – «Атамекен» ҰКП. Оған жергілікті әкімдік пен іскер әйелдер кеңестері қолдау көрсетіп отыр. Бұған дейін қаламызда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының арнайы жәрмеңкесін де өткіздік. Алдағы уақытта да көрме ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – деді Мақсат Дүйсенбекұлы.
Палата директорының орынбасары осылайша жиналған кәсіпкерлерді осы жобаға белсене қатысуға шақырып, Палата тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Мұндағы ортақ мақсат – белгілі бір елдімекендегі шағын кәсіпкерлердің ісін дамытып, адами капиталды, іскерлік қабілетті дамыту, жергілікті өнімдердің сапасын арттыру.
Вебинардың негізгі бөлігінде Wildberries платформасында сауда-саттық жүргізуге қатысты дәріс оқылды. Маркетплейстің кәсіпкерлерді қолдау және дамыту орталығының өкілі Милана Гугунишвили осы онлайн сауда платформасына қалай тіркеліп, кабинет ашу, тауарлар мен өнімдерді жариялау туралы нақты нұсқаулықтар берді.
Вебинарға қатысқан кәсіпкерлер өздеріне пайдалы ақпарат алып, қосымша сұрақтарына мамандардың жауабын алды. Маркетплейсте осы уақытқа дейін жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер саудасын одан әрі дамыту туралы нақты мәліметтерге қол жеткізді.