Super User

Super User

ЖЕТІСАЙ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНЕ ЖАҢА БАСТЫҚ КЕЛДІ

ҚР ІІМ келісімі бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің бұйрығымен Жетісай аудандық полиция бөлімінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Әділбек Әбдірайымұлы Сапарбеков тағайындалды.

Полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков ішкі істер органдарында 1994 жылдан бері қызмет етіп келеді. Білімі жоғары, заңгер. 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Қызметін патрульдік-бекеттік қызмет взводының милиционері, одан кейін Жетісай ауданы ІІБ жедел басқару бөлімшесінің инспекторы болып бастады. Одан әрі Мақтарал ауданы ІІБ және 1-ПБ, 2-ПБ түрлі жедел және басшылық лауазымдарында жұмыс жасады. Ал 2018 жылдан бастап Түркістан облысы ПД Мақтаарал аудандық ПБ бастығы қызметін атқарды.

Түркістан облысы ПД бастығының м.а. полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков жаңа басшыны Жетісай аудандық полиция бөлімінің жеке құрамына таныстырып, жұмысына табыс тіледі.

ТҮРКІСТАН: 5 ТӘУЛІКТЕ 45 КӨЛІК АЙЫПТҰРАҚҚА ҚОЙЫЛДЫ

Полицейлер «Қорғау» жүйесі арқылы 5 тәулікте 1300-ге тарта көлік жүргізушілеріне түсіндірме жүргізіп, 45 көлікті айыптұраққа қойды

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаевтың төрағалығымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кең көлемді жиын өтті. Оған қалалық, аудандық Полиция басқарма, бөлім басшылары бейнеселекторлық режимде қатысты.

Мұндағы негізгі мақсат - «Қорғау – қауіпті жүргізуші!», «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы мен алдағы уақытта жол апатын азайту бағытында атқарылатын жұмыстарды талқылау, нақты тапсырмалар бойынша жүйелі жұмыс жүргізу болып табылады.

Аталған іс-шара кезінде Полиция құрылымдарының басшыларына бірінші кезекте: тіркеуде жоқ, айыппұлын төлемей жүрген және жалған мемлекеттік белгіні тағып жүрген автокөліктерді анықтау, жүргізушілердің жауапкершілігін қарау, халыққа барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде нұсқама берілді. Яғни «Қорғау» жүйесіне енгізілген тізімге сәйкес профилактикалық жұмыс жүргізу тапсырмасы жүктелді. Осы бағытта Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығындағы полицейлер бірден қызметке кірісті.

Нәтижесінде 5 тәулік ішінде патрульдік полиция батальоны қызметкерлеріне 1297 автокөлікке қатысты бағыт-бағдар беріп, көліктердің жүрген жерлерін жеткізді. Ал тәртіп сақшылары аталған көліктердің 1252-сіне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Түрлі құқық бұзушылықтар жасаған 45 автокөлік анықталып, айыптұраққа қойылды.

Сонымен қатар іс-шара кезінде 4 жүргізушінің автокөлікті мас халде басқарғаны анықталды. 1 көліктің мүлдем іс құжаты болмаса, 2 көлік мемлекеттік тіркеу нөмірін тақпай жүргені бойынша жауапқа тартылды. Осылайша Түркістан облысы ПД-ға басшылық лауазымға келген полиция полковнигі Б.Айтпаевтың бастамасымен, түркістандық полицейлер 1300-ге тарта көлік жүргізушісіне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескертпе қағаздарын таратты.

САРЫАҒАШ: ШЕКАРАДАН ЕСІРТКІ АЛЫП ӨТПЕК БОЛДЫ

Шекарадан «гашиш» есірткісін алып өтпек болған өзбекстандық ұсталды.

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Жібек жолы» шекарасының бақылап-өткізу бекетінен есірткі алып өтпек болған Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады.

Нақтырақ айтсақ, өзбекстандық тұрғын ҚР-ға өтерде, оған «Клементина» атты ит белгі береді. Оқиға бойынша тәртіп сақшылары бірден тексеру жұмыстарын жүргізіп, оның шалбарының оң жақ қалтасынан полиэтилен пакетке салынған есірткі затына ұқсас зат табады.

Полиция қызметкерлері табылған айғақты затты тәркілеп алып, аталған жайтты ҚР ҚК-нің 286-бабы 1-бөлігі «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алды. Сараптама тағайындалды.

Зерттеу қорытындысы шетелдіктен алынған заттың «гашиш» есірткісі екенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

 

СОЗАҚ: ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ АЗАЯР ЕМЕС!

Созақта зорлық-зомбылықты азайту мақсатында дөңгелек үстел өтті.

Созақ ауданы әкімшілігінің мәжіліс залында зорлық-зомбылыққа қарсы дөңгелек үстел өтті. Жиынға полиция подполковнигі Ербол Оралбаев, полиция капитаны Қалижан Мусалимов, полиция аға лейтенанты Бағлан Нұрмаханов, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тобының инспекторы полиция майоры Айжан Манапова және аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Мерей Ниязәліұлы, сондай-ақ Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы КММ директоры Ерболат Тұңғышбайұлы, аудандық орталық аурухананың дәрігері Талғат Қалдыбеков қатысты.

Жиынның басты мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күресу жолдары мен дағдарыс орталықтары туралы кеңінен талқылау. Яғни жиналыс барысында әйелдер мен балаларға қамқорлық жасау туралы кеңінен айтылды. Шараға жиналғандар зорлық-зомбылықты болдырмау бойынша өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Бүгінде елімізде зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер мен балалар саны әлі де болсын азаймай тұр. Бұндай жағдайға тап болатын адамдар көбіне өздерінің құқығы мен мүдделерімен айналысатын дағдарыс орталықтары барынан бейхабар. Осы тұрғыда полиция қызметкерлері алдағы жұмыс жоспарлары жайлы толығырақ талқыға салды. Бұндай қоғамдық деңгейдегі мәселелер полицейлердің күн тәртібінен түскен емес.

Осы RSS каналға жазылу