Super User

Super User

МАҚТААРАЛ: СИЫР ҰРЛАҒАН...

Тұрғынның сиырын ұрлап сатқан шымкенттік жас жігіт анықталды.

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, өзінің қоршаулы егістік алқабына қамап кеткен сиырын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 600 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы" бойынша тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары хабар келіп түскен бойда жедел іске кірісті. Олар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Белгілі болғандай, жас жігіт Мақтаарал ауданына егін егу үшін келген. Ол егістік алқапта жүрген сәтте, тұрғынның сиырын көріп, оңай олжалы болуды көздеген. Сезікті жігіт «Газель» маркалы автокөлігіне сиырды тиеп, егістік алқаптан жымқырып кеткен. Ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Облыс полицейлері тұрғындарға мал ұрлығының алдын алу үшін бақташы жалдауға кеңес береді. Сонымен қатар малдарыңызды жайылымға қараусыз жібермеуді сұрайды.

 

Полицейлер қоймадан генератор жымқырған күдіктіні анықтады

Шардара АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, оның қоймасына ұры түскен. Яғни, құрылыс заттары тұратын қойманың есігін белгісіз біреу бұзып ашып, қойма ішінде тұрған шөп турайтын генераторын жымқырып кеткен. Шығын көлемі 300 000 теңге. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.

Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында, тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Нәтижесінде күдікті ер адам тәулік ішінде анықталды. Тексеру кезінде күдікті ұрлап алған құрылғыны 50 мың теңгеге бас пайдасының қажеттілігіне жұмсап жібергені анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, үйге, сауда орындарына, қоймаларға, ғимараттарға бейнебақылау камераларын орнату қажеттігін ескертеді.

Сайрам: Жәрдемақы алып беремін деп ...

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғындар арызданды. Олардың айтуынша, танысы «кәсіп бастау үшін мемлекеттен берілетін 580 000 теңге жәрдемақы алып беремін» - деп әбден сеніміне кірген. Осылайша, бірінші жәбірленуші әйелден 70 000 теңге, екіншісінен 140 000 теңге, үшінші әйелден 70 000 теңге ақша алған. Алайда, 1 жылдан аса уақыт өтсе де, берген уәдесін орындамай, созбалаңдыққа салып жүрген. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 280 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары хабар алған бойда жедел іске кірісті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті жұмыстардың барлығын жүзеге асырды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті ретінде орта жастағы әйел анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті мен жәбірленушілер өздерінің ортақ таныстары арқылы танысқан. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Облыс полицейлері тұрғындарға алаяқтықтың алдын алу үшін кез-келген адамға сенім артпауға кеңес береді. Сондай-ақ күмәнді қызмет ұсынатындардан бойыңызды аулақ ұстауды ескертеді.

Созақтық полицейлер «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы бойынша қорытынды жасады

19 шілде мен 18 тамыз күндері аралығындағы 1 айға созылған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы бүгін аяқталды. Осы тұрғыда Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шараларды тұрақты жүргізіп, әртүрлі жол ережесін бұзған 670 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Мәселен, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 9-бөлігі «Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» 45, ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабы «Көлік құралын басқару кезінде жүргізушінің телефон немесе радиостанция пайдалану» бойынша 23, ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігі «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» - 110, ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы «Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу» 9, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы,

сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» - 4, ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы «Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы» бойынша 54 құқық бұзушылық анықталып, хаттама түзілді. Сонымен қатар шара барысында 8 автокөлік айыптұраққа қойылды. Оның ішінде Ресей Федерациясының 6, Қазақстан Республикасының 2 көлігі бар.

Полицейлер тарапынан бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Облыс полицейлері жүргізушілерге көлік басқаруда жол ережесін қатаң сақтауды ескертеді.

Осы RSS каналға жазылу