Super User

Super User

Полицейлер Түркістанда жоғалған Шымкенттік тұрғынды отбасына қайтарды

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің 102 пультіне тұрғындардың бірінен хабарлама келіп түсті. Оның айтуынша, Шұбар ауылынан 20 шақырым жердегі егістік алқапта тұрғындардан қорқып, қашып жүрген ер адам туралы хабар айтқан.

Хабарлама келіп түскен бойда полицейлер жылдам іске кірісіп, ер адамды тапты. Одан сұрастыру жұмыстарын жүргізгенде сөйлей алмайтын, денсаулығында ақауы бар ер азамат екені белгілі болды. Полиция қызметкерлері орта жастағы ер адамды бірден полиция бөліміне жеткізді. Жеке басын анықтау үшін, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы әріптестеріне фотосуретін жіберіп, таратты. Нәтижесінде, оның жүйке жүйесімен ауыратын Шымкент қаласының тұрғыны екендігі белгілі болды.

Оның туыстары полиция бөліміне келіп, жоғалған азаматты алып кетті. Полиция қызметкерлерінің жұмысына дән риза болған табылған ер азаматтың туысы ерекше алғысын білдірді. Ол: «Қазіргі уақытта неше түрлі жағдайлар орын алып жатыр. Осы тұрғыда ағам үшін алаңдаған едім. Сіздердің жүйелі жұмыстарыңыздың арқасында, ағам аман-есен табылды. Жұмыстарыңызға табыс, дендеріңізге саулық тілеймін. Отбасыларыңыз аман болсын!» - деп атап өтті.

Қазығұртта рейдтік іс-шара қатаң бақылауда

Түркістан облысы аумағында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шараның басты мақсаты - жол көлік оқиғаларының алдын-алу.

Осы тұрғыда Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шараны күшейтті. Мәселен полицейлер атқарылған жұмыс нәтижесінде, кәмелет жасына толмаған баланың көлік тізгіндеп келе жатқанын байқап, бірден аталған "Ravon R-3" маркалы автокөлікті тоқтатпақ болды. Алайда жүргізуші көлікті тоқтатудан бас тартты. Жедел іске кіріскен полицейлер құқық бұзушылардың соңынан қуып жетіп, тоқтатты.

Тексеру кезінде жас жүргізушінің кәмелет жасына толмағандығы белгілі болды. Содан тәртіп сақшылары аталған көліктің иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы "Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік басқаруына беру" бойынша хаттама толтырды.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға көлікті тек жүргізуші куәлігі бар, заңды иесі айдауы керектігін ескертеді. Кәмелетке толмағандарға көлікті мүлде беруге болмайды.

 

БӘЙДІБЕК: МАС ХАЛДЕ КӨЛІК БАСҚАРҒАН...

Түркістан облысында мас халде көлік басқарған тұрғын анықталды.

Бәйдібек АПБ-нің қызметкерлері аудан бойынша қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздік ережелерін сақтау, қылмыстың алдын алу және болған қылмыстарды дер кезінде ашу мақсатында рейдтік-профилактикалық жұмыстарды үзіліссіз, күні-түні атқаруда. Осындай іс-шараның бірі "Қауіпсіз жол", яғни жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1 айға жоспарлы түрде ұйымдастырылуда.

Аталған іс-шараның кезекті тексеруі кезінде Бәйдібек АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы полиция лейтенанты Заманбек Жәнібекұлы, өзіне бекітілген аумақта, яғни Шалдар ауылы көшесінің бойында бағытынан ауытқып келе жатқан, жүрісі күмәнді көлікті тоқтатады. Аталмыш «ВАЗ-24014» маркалы автокөлікті тексеру кезінде, автокөлік жүргізушісінің іс-әрекетінен мас халде екеніне күдік туындап, оның мастық күйін анықтау үшін медициналық куәландырудан өткізу жұмыстары жүргізілді. Сараптаманың қорытындысы бойынша жүргізушінің "орта дәрежелі" мас екені анықталды.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ӘҚБтК 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді. Қазіргі таңда учаскелік полиция қызметкері аталған жайтқа байланысты іс-құжаттарды жинақтауда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге автокөлікке мас халде отырмаңыздар, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді. Сондай-ақ қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтап, жылдамдықты асырмай, қарсы жолаққа шықпай көлік тізгіндеңіздер деп кеңес береді.

САРЫАҒАШ: ИТТІҢ КӨМЕГІМЕН ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛДАУШЫ ҰСТАЛДЫ

"Клементина" атты иісшіл иттің көмегімен есірткі тасымалдаушы күдікті азамат анықталды

Түркістан облысына қарасты Сарыағаш АПБ-нің полицейлері «Жібек жолы» бақылау бекетінен Қазақстан Республикасына өтетін шекара аумағында есірткі затын алып өтпекші болған өзбекстандық ер азаматты ұстады.

2022 жылдың тамыз айында «Жібек Жолы» бақылау бекетінен Сарыағаш АПБ-нің кезекшілігіне жедел ақпар түседі. Онда бекеттен Қазақстанға жаяулатып өтіп бара жатқан ер азаматтың күдік тудырғаны айтылады. Осылайша оқиға орнына тез арада жеткен полицейлер шекарашылардың «Клементина» атты иті мазасызданып, әлгі күдікті тұлғаны айналшықтап кетпей қойғанын көреді.

Полицейлер ер азаматты тексеру барысында шалбарының қалтасынан қағазға оралған есірткіге ұқсас затты алды. Алынған зат бірден сараптамаға жолданды. Нәтижесінде есірткі тектес зат 1,5 грамға жуық гашиш болып шықты.

Бүгінде ұсталған азамат қамауда. Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері аталған жайтқа байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.

Осылайша Клементинаның сезімталдығының арқасында есірткі тасымалдаушы ретінде күдікті азамат ұсталып, полицейлер қылмыстың алдын алды.

 

 

Осы RSS каналға жазылу