Super User

Super User

ТҮРКІСТАН: АРАҚСЫЗ ҚАЛА, ШАРАПСЫЗ ШАҺАР

Бүгін қалалық «Яссы» орталық мешітінде «Арақсыз қала, шарапсыз шаһар» атты тағылымды кездесу өтті. Аталған жиынға облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қала әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев, қалалық Полиция басқармасы бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев және қаламыздың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы қатысып, қаламыздағы имамдармен кездесті.

Еркін пікір алаңында Жарылқасын Әзіретбергенов тағылымды әңгімені тарихпен сабақтастыра сөйледі.

Түркістан қаласы арақ-шараптан ада, жезөкшесі жоқ шаһар болады деген бастама осыдан екі жыл бұрын көтерілді. Содан бері екі супермаркет, алты дүкен қалада арақ-шарап сатудан бас тартты. Бұл бір күнде, бір жылда орындала салатын нәрсе емес, сондықтан осындағы облысымыздың, қаламыздың бас имамдарымен кеңесіп әрекет жасап жатырмыз. Бұл мәселеде әрқайсымыз жауапкершілікпен қарауымыз керек. Осындай бастаманың алғаш боп Түркістан қаласында көтеріліп жатқаны да қуанарлық жағдай – деді ақсақалдар алқасының төрағасы.

Сондай-ақ, Ерлан Кузембаев пен Бауыржан Жанаев қала тазалығын сақтау мен қылмысты азайту, тұрғындардың мәдениетін көтеру хақында көптеген ұсыныстарын ортаға салды. Бірлік пен берекені ту еткен Түркістанның жарқын болашағы жайлы кеңесте қаламыздың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы құмар ойындар ойнайтын, есірткі тасымалдайтын жандарды қоғам боп тәрбиелеуге шақырды.

Сондай-ақ, қала мешіттеріндегі имамдарға әрбір жұма уағызында жиын барысында айтылған мәселелерді жамағатқа қысқаша түсіндіріп, насихат жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Келелі кеңес соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, көкейде жүрген сауалдарына мамандардан жауап алды.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР ЖӘНЕ ЖАСТАРДЫҢ РУХАНИ ҚАУІПСІЗДІГІ

Қазіргі таңда елімізде интернет пайдаланушылардың саны қарқынды түрде дамып келеді. Адамдардың барлығы алдыңғы қатардағы пайдаланушы саны көп деген барлық әлеуметтік желіге тіркеліп, пайдаланып әр түрлі ақпараттар көздерін алып жатыр. Қазіргі кезде әлеуметтік желі пайдаланушылар арасында дұрыс емес ақпараттар таратылып, әр түрлі заң бұзушылыққа жол беретін, пайдасы жоқ топтар да құрылып, оны пайдаланушылардың саны да арту үстінде. Бұл өз кезегінде әлі ой-қабілеті толығымен қалыптаспаған жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін туғызатыны белгілі.

Қоғамды алаңдататын мәселелердің бастысы – жастардың теріс ағымға арбалуы. Себебі әлеуметтік желінің қолжетімділігі теріс ағым идеологиясының кеңінен таралуына тиімді болып отыр. Әлемуеттік желілер әсіресе жастарды тура жолдан тайдыратын теріс ағымдардың негізгі құралына айналды. Әлеуметтік желілер жастардың құндылықтар жүйесіне және экстремистік көзқарастардың қалыптасуына әсер етудің маңызды факторына айналуда. Бүгінгі таңда радикалды діни топтардың түрлі айла әдістерді қолдану арқылы жастарды өз қатарларына тарту түрлері аз емес. Әсіресе, жастарға ықпал ету мақсатында пайдаланушы саны көп «Facebook», «ВК», «Instagram», «YouTube» желілері бойынша және түрлі мессенджерлар арқылы, экстремистік және террористік идеяларды насихаттайтын аудио және бейне роликтер, әдебиеттерді тарату мен насихаттау, мотиваторлық жариялымдарды кеңінен шығару арқылы өз идеологияларын таратуда. Діни радикализм мен экстремизм идеологиясы қоғам санасына әлеуметтік желілер мен электронды қосымшалар, әр түрлі сайттарда көрсетілген теріс мәліметтер арқылы ақпараттық-психологиялық әсер етуде. Соның салдарынан дұрыс ой-қабілеті қалыптаспаған жастардың санасында отанға деген сенімсіздікті, отансүйгіштік сезімнің болмауын, отбасы ішіндегі келеңсіздіктерді, қоғамның екіге бөлінуін тудырады.

Жастардың теріс діни ағымдарға тартылу себептері ретінде интернет пен әлеуметтік желілердегі теріс ағым сипатындағы видео, аудиолар, теріс діни әдебиеттер, әлеуметтік, материалдық жағдайы төмен жұмыссыз жүрген жастарды қаржылай көмек беру арқылы ынталандыру, психологиялық жағынан колдау беру арқылы теріс ортаға бейімдеу, отбасындағы махаббаттың жетіспеушілігі мен діни қызығушылығын пайдалану, психологиялық қысымда жүрген, күйзелісте жүрген жастарға демеу болу секілді мәселелер. Бұл мәселеге қарсы идеологиялық күрес жүргізіп, жастар бойында теріс бағыттағы идеологияға қарсы ой қалыптастыру қажет. Жастар бойындағы теріс бағыттағы идеологияға қарсы тұру үшін діни ақпараттарды оқып-білер кезде ішкі рухани ойдың дұрыс болуы керек. Интернет, әлеуметтік желілерде, жалпы діни ақпарат алуда сезімге бой бермей, бірден сеніп қалмай ақпараттың дұрыстығына көз жеткізе білу. «YouTube», «Facebook», «Telegram», «Instagram», «Twitter», «ВК» сияқты әлеуметтік желілерін қолданушылар санының артуына байланысты, интернет ресурстарына үздіксіз мониторинг және талдау жұмыстарын жасап отыру арқылы, жастардың санасының бұрмалануын алдын алуға болады. Онымен қоса ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен тарихи-мұраларымызды санасына сіңіру, дұрыс бағыттағы шынайы дәстүрлі діни тәрбие беріп, танымдық ойлау қабілетін кеңейту қажет деп ойлаймын. Діни тәрбие адам бойында ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілік, елге, жерге, отбасына деген махаббат сезімдерін оятады.

Сонымен қоса жастардың діни сауатын жетілдіру жұмыстарын тек қана білім беру ошақтарымен, орталықтармен ғана шектеп қоймай, олардың бос уақытын көп арнайтын әлеуметтік желілерді құнды да бай, тағылымды бағдарламалармен, ақпарат көздерімен толықтыру қажет. Сондай-ақ, жастар көп қолданатын әлеуметтік желілерге дәстүрлі дін мен салт-дәстүрдің құндылықтарын дәріптейтін парақшаларды мазмұнды материалдармен толықтырып, оқырмандар санын арттырып, мағыналы жарияланымдарды шығарып отыру қажет. Сонда теріс ағымды таратушыларға біршама тойтарыс беруге болады деп ойлаймын.

Біздің еліміздің әрі қарай дамуы тікелей жастарға байланысты болғандықтан, жастардың рухани деңгейі жоғары, сауатты болуы маңызды. Қоғамның дерті болған әлеуметтік желіде жастардың алданып, теріс ағымдармен санасының уланбауы үшін отбасы, қоғам, мемлекет бірге жұмылып күресіп, оларды дұрыс рухани азықпен сусындата алу қажет деп ойлаймын.

Ж.Байгерей

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

дінтанушы маманы

ҒАЛАМТОРДАҒЫ РАДИКАЛДЫ ИДЕОЛОГИЯҒА ҚАЛАЙ ҚАРСЫ ТҰРАМЫЗ?

Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді.

Бірқатар сарапшылар экстремизм ұғымының бастауын саяси мүдделерді жүзеге асыру мақсатынан туындағандығын негізге ала отырып, «діни экстремизм» ұғымын саяси мақсаттарды жүзеге асыру құралы ретінде қарастыруды ұсынады. Сол себепті, діни экстремизмнің пайда болу себептері мен белгілерін талдау арқылы оны саяси ғылым санаты ретінде қарастыруға ұмтыламыз.

«Діни экстремизм» ұғымы екі құрамдастырушы – экстремизмнің өзі мен діннің қатысуы арқылы тұжырымдалады. Экстремизм термині латынша шектен шығушы, яғни нақты тұлғаның, адамдар тобының, қоғамдастықтың нақты парадигмада орныққан моральдық нормаларға, салт-дәстүрлерге, құқық қорғау қатынастарына қайшы іс-әрекеттері дегенді білдіреді.

Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың/топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратады.

Деструктивті және радикалды діни ағымдар тарапынан жүргізіліп отырған кең көлемді насихат жұмыстарының мақсаты ортақ. Яғни, қоғамдағы ауыз біршілікті жою, әрбір шаңырақта өшпендiлiк пен алауыздық отын тұтату және сол арқылы мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiру. Ең басты көздегендерінің бірі ол – елдің конституциялық құрылысы мен аумағының тұтастығын бұзу.

Cоңғы жылдары еліміздің діни ахуалына талдау жасау барысында, халқымыздың сексен пайызға жуығы ислам дінін ұстанып, дінге бет бұрып жатқандығы және олардың басым бөлігін жастар құрайтыны белгілі болды. Бір жағынан – бұны жақсы хабарға баласақ, екінші жағынан –дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін кейбір сан алуан пікірлер мен ұстанымдардың салдарынан туындайтын түрлі келеңсіз жәйіттер алаңдатады. Осыған орай, еліміздің жарқын болашағын қалаушы – жас ұрпақтарымыздың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндарын ашып көрсетіп, оларға қысқаша тоқталуды мақсат еттік. Экстремизм нақты іс-әрекеттер арқылы жүзеге асады және ол адам өмірінің барлық салаларында тұлғааралық байланыстарда, қоршаған ортамен қатынастарда, саясат, дінге қатысты орын алады. Экстремизм өз мәнінде «агрессия» және «қылмыс» ұғымдарын қамтиды. Алайда, агрессия саналы әрі бейсаналы болатын болса, экстремизмге мотивация тән. Сол себепті, экстремизм адамдарға қатысты орын алатын әлеуметтік құбылыс әрі зорлық көрсетуге бағытталған тәрбиенің немесе сыртқы факторлардың тұлғаға кері ықпалынан пайда болатын салдар болып көрінеді.

Деструктивті діни ағымдар барлық тарихи кезеңдерде қоғамды ыдыратушы құрал ретінде өз белсенділігін жоғалтпаған. Саяси мүдделер мен қаржыны мақсат еткен діни ағымдар бүгінде технологияның жетістіктері арқылы прозелитистік әрекеттерін жаһандық деңгейде жүзеге асыруға қол жеткізді.

Халықаралық экстремистік ұйымдар қажетті қаржылық және адам ресурстарымен жабдықталған, трансұлттық деңгейде қанатын кең жайған дербес жүйеге айналып отыр.

Жаһандану кезеңінде ғаламтор және әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, дүниенің әр жерінде тұрақтылықтың бұзылуына әрекеттенген мұндай топтар дін атын бүркеніп, өздерін шариғаттың заңдарына негізделген мемлекет құрушы күштер ретінде жарнамалауда.

Кез келген теріс пиғылды діни топ көздегеніне тез жету үшін әрі қатарын жаңа адепттермен толықтыру үшін өзінің шынайы мақсатын жасыруға және зұлымдықтарын ақтауға тырысатыны белгілі.

Осыған орай деструктивті ағым өкілдері өз уағыздарында бұрмаланған әр түрлі діни дәйексөздерді келтіре отырып, өздерінің жолын әділ әрі ақиқат етіп көрсеткісі келеді. Алайда бейбітшілік пен бауырмалдылыққа үндейтін шынайы діни сенімде адамдарға зұлымдық пен әділетсіздік танытуға, нақақтан жан иесін өлтіруге жол берілмейді. Бұл қағидаттар киелі кітаптарда тайға таңба басқандай жазылған.

Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адаммен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді жолдармен неофиттердің санасына ықпал етеді. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады. Адам санасын улайтын деструктивті ұйымдардың басты қаупі – бұл ортаға сенім білідіріп келген адамның дербес ойлана алу, сын көзбен қарау, өз бетінше шешім шығара алу, қалаған өмір салтын таңдау қабілеттеріне шектеу қойылады. Яғни азаматтың жеке бас бостандығы мен құқықтарына қол сұғу орын алады.

Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді.

Қорыта келе, дәстүрлі діни-рухани құндылықтардың ұлттың болашағын құруда ықпалды фактор екенін ұмытпауымыз қажет. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрлері, ойлары мен көзқарасы, дүниетанымы осы діннің құндылықтарымен сабақтаса қалыптасты. Сондықтан шеттен келген теріс пиғылды күштердің ықпалына төтеп беретін ең тиімді жол – Елбасының таяуда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілгендей ұлттық кодты, ұлттық құндылықтарды, елдік мақсат пен мемлекеттің ұлттық құрылымын, қазақ елінің тарихи мұраларын жаңғырту болып табылады.

 

Д. Аманов

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы

 

КЕНТАУ: ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ҰРЛАҒАН

Полицейлер ұялы телефон ұрлаған жас жігітті анықтады.

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арыз түсірді. Оның айтуынша, оның ауласындағы үстел үстінде тұрған «Редми» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 160 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Полиция қызметкерлері қылмысты ашып, күдіктіні ұстау үшін оқиға орнына шықты. Олар көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Полицейлердің жедел-іздестіру шарасының нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар жас жігіт анықталды.

Белгілі болғандай, күдікті жас жігіт түнгі уақытта тұрғынның ұйықтап жатқанын көріп, емін-еркін ашық тұрған есіктен үйге кіреді. Ол оңай олжалы болуды көздеп, жатын бөлмеде тұрған ұялы телефонға көзі түсіп жымқырып кеткені белгілі болды. Қазіргі таңда сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін тұрғын үйлердегі қақпаларды жауып, берік құлыптар орнатуға кеңес береді.

Осы RSS каналға жазылу