Бүгін Түркістанда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, әскерилерді құттықтады.
– Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген қанатты сөзі бар. Сол ұстанымға адал болу – баршамыздың міндетіміз! Туған ел мен жерді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Қазақ мемлекетін қалыптастыру жолында тарихта аты алтын әріптермен жазылған ұлы баһадүрлердің ұрпақтары әлсіз болмауы тиіс. Сондықтан 18-ден асқан ұландарымыз әскерге барып, Отанға қызмет етуге міндетті. Ал еліміздің Қарулы күштері қатарында демографиясы жоғары Түркістан жастарының көп болуы – заңдылық. Мемлекетіміз отаншыл, батыр, адал ұрпақпен толыға берсін. Шекарамыз бүтін, аспанымыз ашық, күніміз шуақты, әскеріміз қуатты болсын! Әрдайым бейбітшілік салтанат құрып, Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін! Отан қорғаушылар күні құтты болсын! – деген облыс басшысы әскерилерге құрмет көрсетіп, марапаттады.
Жиында «Ұлттық ұлан» сарбаздарының әскери шеруі өтті. Қолбасшы облыс әкіміне баянат жасады. Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. «Ұлттық ұлан» №6506 әскери бөлімі сарбаздарына Қорғаныс министрлігінің және Ішкі істер саласы бойынша әскери шен тапсырылды.
Өңір басшысы бұдан соң әскерге шақырушыларды шығарып салу рәсіміне қатысты. Әскерге аттанушылармен кездесіп, ақ тілегін арнады. 100 орындық облыстық жинақтау бекетінің жалпы жағдайымен танысып, әскерге шақырушылардың жатын бөлмелерін аралап көрді. Тамақтану орнын және шақырушылардың психологиялық тесттен өту барысымен, облыстық медициналық комиссияның жұмысымен танысты. Мамандар жастар денсаулығының жақсарғанын атап өтті.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша былтыр 4500-дей жас әскерге аттанды. Биыл да өрендер әскери бөлімдерге жіберіледі. Облыста әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстар жанданып жатыр. Білім ұяларында оқушылар мен студенттерге ерлік пен елдіктің маңызы дәріптелуде. Қоғамда әскери салаға деген қызығушылық артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Естеріңізге сала кетсек, 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ ССР Мемлекеттік қорғаныс комитеті жасақталды. Кейін ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.
1992 жылдың 7 мамырында ҚР Тұңғыш Президентінің арнайы Жарлығы шыққан еді. Бұл Жарлық бойынша, республика аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Президенттен басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі қызметіне генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.
7 мамыр Қазақстанда мерекелік демалыс күні болып саналады. Мереке қарсаңында Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті әскери шендер беру туралы Жарлыққа қол қойып, ерекше көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттайды.
Биыл да Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әскери арнаулы атақтар мен сыныптық шендер беру туралы Жарлыққа қол қойғанын айта кеткен жөн.
Әскер – өмір мектебі. Азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі. Осы мектеп майданында шыңдалып, жауапкершілікті сезініп жүрген азаматтар бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, отбасы мен мемлекеттің жанашырларына айналуда. Тіпті өмірін осы әскери саламен байланыстырған ер-азаматтар қаншама?! «Армия – мемлекет қуаты» десек, сол сапта жүріп, өз өмірін оң өзгерістермен ұштастырып, жетістікке жетіп жатқандары да жетерлік. Әскери өмірдің алғашқы баспалдағы жер-жерде әскери бөлімшелерден басталады десек қателеспеспіз.
Әлем әзірге әскерден бас тартып, қару-жарақты сылдырлатпай, ұрыс-керіссіз, соғыссыз өмір сүруге жеткен жоқ. Жер шарында өзіне де қатер төндірмейтін сенімділік те әлі пісіп-жетілмеді. Ол мүмкін емес те шығар. Әркімнің тиесілі жерін қорғаудың коды адам атанғалы генетикасына жазылып қойған болуы керек. Қанда бар ғадетті алып тастауға күшті дамыған медицинаның да шамасы келмейді. Әскер әуел баста қауіпсіздіктің қалқаны, тұрақтылықтың тірегі ретінде санаға берік орнаған. Оның ақиқаттығын уақыт та дәлелдеді. Сол себепті, бүгінде әлем елін мұздай құрсанған әскерсіз елестету мүлдем қиын. Бес қаруы сай әскері жоқ елді қазір мына әлем «әлеуеті жоқ» деп, кем көреді. Есігін теуіп кіріп, төріне озуды да ойына алмайды деп айта алмайды ешкім. Сол кезде әскер – сес, әскер – айбын, әскер – мәңгі қарауыл.
Одақ ыдырағанда оның құрамындағы республиканың бірде-бірінде өзінің дербес экономикасы тұрмақ, біреу әлімжеттік жасаса, «әй!» деп айбат көрсететін әскері де жоқ еді. Бәрі Одақтыкі-тін. Тәуелсіздігін жариялған мемлекеттер азаттығын сақтап қалатын сарбазының қандай күші, нендей қару-жарағы барынан да жетік біле қоймайды. Алып империя ыдырап ала жөнелгенде, оның алып әскери арсеналы да бөліне бастаған. Ал, әскерсіз мемлекеттің ен жатқан жеріне әркімнің көз алартуы мүмкін еді. Сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дереу 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның қарулы күштерін құрды.
Әскер үштіктен тұрды: Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Сол уақытта, яғни, 90-жылдары әскери қызметкерлердің саны 200 мың адам шамасында екен. Бүгінде 167 мың ер-азамат елдің тыныштығын күзетеді.
Сол дуалы ауыз халықаралық сараптама орталығының айтуынша, Қазақстан әскері мықты әлемдегі 100 елдің қатарында. Атақты Global Fire Power рейтингісінде әлемдегі әскери күш жөнінде 63 орынға ие. Бұл тізімде – әлемнің 140 елі тұр. Мұнда әскердің әлеуеті 50 көрсеткішпен өлшенеді. Сол көрсеткіштер жиналып, ел индексін шығарады. Ол индекс – 1,0286. Былай қарағанда, төмен көрсеткіш емес.Десек те, әскердің қамал алдырмас қайратын білдіруі үшін рейтингтің мінсіз бағасы – «0,0000» болуы керек екен. Индекс мәні неғұрлым азайса, елдің жауынгерлік әлеуеті соғұрлым күшті есептеледі онда. Бұндай қаружарағымен тас түйін тұрған АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан және Жапония дейді Global Fire Power.
Көршілер арасында Ресей мен Қытай, Өзбекстан әскерінен кейінгі орынды біздің әскер иеленепті. Қырғызстан мен Түрікменстан Қазақстанға есе жібереді. Рейтинг, жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанда 167 мың әскери қызметші барын, бұл – ел халқының барлық санының 0,9%-ы екенін атап отыр. Соның ішінде, Құрлық әскерлері – жеке құрам бойынша Қарулы күштердің ең ауқымдысы. Шамамен, Құрлық әскерінде 50 мыңға жуық адам қызмет етеді. Олардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын, оның егемендігін, мемлекеттік және әскери объектілерді, құрлық шекараларын қорғау, бітімгершілік миссияларға қатысу. Сондықтан да, елдің құрлық әскерінде үміт зор.
Әуе қорғанысы күштерінде авиациялық техника жетерлік. Ашық ресурстағы мәліметтерге сүйенсек, әуе қорғанысы күштері ұшқыштарының ұшу шеберлігінің деңгейі өте жоғары. Көрсеткіш жылына 100-150 ұшу сағатын қамтиды. Ол Ресей Федерациясының әуе күштеріндегі көрсеткішпен пара-пар деседі. Расында, құрлық пен әуе күштерінің одақтан қалған аздыкөпті тәжірибесі бар-тын
Ал, әскери-теңізге келгенде, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз кеме-қайықтан құр алақан еді. Сол кезеңді көзімен көрген, Қарулы күштің құрылуының басы-қасында жүрген тұлғалар Елбасының әскери-теңіз күшін құрудағы көзсіз батылдығына әлі тамсанады. Бірде-бір кемесі, сүңгуір қайығы жоқ елдің ондай күш құруы жоқтан бар жасау еді сол сәтте. Мысалы, деректер ең алғашқы сүңгуір қайықтың елімізде теңізге 2001 жылы түскенін айтады. Арада 9 жылдан кейін. Осының өзі біраз жайтты аңғарса керек-ті.
Каспий бассейнінің ерекшелігіне, сондай-ақ геосаяси жағдайға байланысты Әскери-теңіз күштерінде шағын кемелер мен қайықтар бар. Мәлім ақпараттар «оның шамамен саны – 20-22» дейді.Әрине, бір шағын шолу елдегі әскердің қабілетін толық ашып бере алмайды. Режимдік нысан, әрі әскери құпия ретінде ақпараттың бәрі ашық жарияланбайтынын ескерсек, бұл – білетініміз де бізге аз азық емес. Ең негізгісі, әскеріміз бар. Ол әлемдегі мықтылардың 100- дің ортасында. Дұшпанның ел шетін баспауы үшін, басынып, қоқан-лоққы көрсетпеуі үшін әлемде бүгінде ең маңызды осы болып тұр емес пе?!