Жексенбі, 18 Тамыз 2024 11:45

Түркістан: Облыс әкімі депутаттармен кездесіп, өңірді дамыту барысын талқылады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Темір Қырықбаев пен Нұрсұлтан Байтілесов Түркістан облысының аудан, қалаларын аралап, халықпен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның орындалу барысын қадағалаған болатын. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыхалық қалаулыларын арнайы қабылдап, өңірдің дамуы жөнінде пікір алмасты.

Облыс әкімі аймақты дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Өндіріс орындарын ашу, ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, ауыз сумен және газбен қамту, мектептер мен әлеуметтік нысандар салудағы жұмыстарды баяндап, Түркістанның инвестициялық әлеуетін көтеру шараларына тоқталды. Жергілікті бюджет пен кіріс көлемін ұлғайту мәселесі де назардан тыс қалмады. Сонымен бірге ағын су саласындағы түйткілдер де сөз болды.

Депутаттар қалалар мен елді мекендерді аралау барысындағы халық тарапынан айтылған мәселелер туралы ой қозғады. Өңірде сайлауалды бағдарлама жүйелі жүзеге асып жатқанын, тұрғындардың көзқарасы дұрыс екенін жеткізді. Сонымен бірге Түркістан қаласының ерекше мәртебесін айшықтайтын Заң жобасына депутаттар мен қоғам тарапынан қызығушылық жоғары екенін айта келе бұл маңызды Заң жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізетіндерін атап өтті.

Түркістан облысында бүгінде өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келе жатыр. Өнеркәсіп өнім көлемін есепті кезеңде 226,1 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, ол 274,3 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,1% деңгейінде орындалды. Жоспарға қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің есепті кезеңде 103,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты 122,5 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 114,8% деңгейінде жүзеге асқан. Ауыл шаруашылығында өнім көлемін122,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты 128,8 млрд. теңгені құрап, артығымен орындалған. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның І тоқсандағы межесі 105,5 млрд. теңге болса, нақты 132,3 млрд. теңгені тартылып, артығымен атқарылған.

Құрылыс жұмыстары көлемінің жоспары 31,5 млрд. теңге болса, нақты 36,7 млрд. теңгені құрап, жоспарға қол жеткізілді. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер жоспары 120,1 мың шаршы метр болса, нақты 150,3 мың шаршы метр үй пайдалануға тапсырылған. Ішкі туристер саның ұлғайту мақсатында І тоқсанға 45 490 адамға жеткізу жоспарланған, орындалуы 46 683 адамды құрап аудан, қалаларда межеленген жоспар толығымен орындалды.

АЕМ-ді мобильді интернетпен қамту көрсеткіші бойынша аудан, қалаларда межеленген жоспар толығымен атқарылған. Сонымен бірге қанайналым жүйесі мен қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім төмендеген. Жалпы рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар қатарында Сауран, Кентау, Сайрам және Түркістан әкімдіктері орналасқан.

2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 млрд. теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 млрд. теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3 орында тұр. Былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн. теңгегені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда. 

Облыста шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылыоң өсімге қол жеткізілді. Өңірде 207 мыңға жуық шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 27,5%-ға артып, 1,2 трлн. теңгеге жетті. Бұл – 9 айдың көрсеткіші, 12 ай нәтижесімен 1,6 трлн. теңгеге жетеді деп болжанып отыр.

Бүгінгі таңда Түркістан бойынша  кәсіпорынның 2023 жылғы  статистистикасы: 17000 шаруашылық жүргізуші субъект (заңды тұлға) тіркелді, олардың 15391 жұмыс істеп тұр. Тіркелген заңды тұлғалар ішінде шағын заңды тұлғалар саны (100 адамға дейін) – 16370, орта заңды тұлғалар (101 ден 250 адамға дейін) – 525, ірі заңды тұлғалар (250 адамнан жоғары) – 105, оның ішінде жұмыс істейтіндер — тиісінше – 14761, 525 және 105 бірлік.  Айта кететіні қызметкерлерге берілетін айлық көрсеткіші орта есеппен 240720 теңгені құрап отыр. Осы тоқсанда нақты жалақы индексі 97,2% құрады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан облысы жылыжай шаруашылықтарын  дамытуда алдыңғы қатарда келеді.

Жалпы республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы облыстың үлесінде және оның жалпы аумағы 1569 гектарды құрайды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға қолдауды күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Биыл қаңтар айында ауа райының күрт суып кетуінің салдарынан жылыжай шаруашылықтарында айтарлықтай мәселе туындады.  Жеке жылыжай шаруашылықтары тиісті көмір қорын қалыптастырмағандықтан, қыс мезгіліне дайын болмай шықты. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шұғыл іс-шаралар атқарылып, 591 гектар жылыжайға қыс маусымына 200,8 мың тонна көмір отыны қажеттілігі анықталып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы арқылы 186,7 мың тонна көмір отыны облысқа жеткізілді.

2023 жылғы  Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 11,4 млн. АҚШ долларын немесе 2022 жылғы қаңтар деңгейіне 98,5% құрады, оның ішінде экспорт, тиісінше – 6 млн. АҚШ долларын немесе 171,1%, импорт – 5,4 млн. АҚШ долларын немесе 66,6% құрады. Сонымен қатар, өңір ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі жеткізушісі болып табылады. Облыстың үлкен артықшылығы — тез дамып келе жатқан және халқы тығыз орналасқан Ташкент елімен көршілес. Тиісті инфрақұрылымды дамыту кезінде шекара маңы ынтымақтастықтың ірі орталығына айналуы мүмкіндігі жоғары.  

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 424 рет