Жексенбі, 23 Қазан 2022 23:36

Отырарда «Бізді біріктіруші күш – мемлекеттік тіл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Отырар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ -нің ұйымдастыруымен аудандық балалар кітапханасында «Бізді біріктіруші күш -мемлекеттік тіл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Аталмыш іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының мемлекет тілі қазақ тілі туралы, оның қоғамдық өмірдегі алатын орны, мәртебесі жайлы түсініктеме беру. Қазақстанның ұлтжанды мемлекет екенін, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтей білетінін, тілсіз халықтың өмір сүруі мүмкін еместігін бойымызға сіңіру. Іс шара барысында қоғам ауылдық кітапханасының меңгерушісі Жалмырза Гүлшахар өз сөзінде «Тіл байлығы- әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға тиіс» - деп атап өтті. Орталықтың қазақ тілі маманы Н.Серікбаеваның баяндамасы тыңдалды. Қатысушылар тақырыпқа орай өз ойларын ортаға салып, тілдің мәртебесі биік болсын деп ақ ниеттерін білдірді.

«Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» - деген халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы. Жер бетіндегі кез келген халықтың мәңгілік болып қалуы - ұлттық тілінің сақталып қалуы болып табылады. Осыдан 33 жыл бұрын, яғни 22 қыркүйек 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып «Тіл туралы» заң қабылданды. Кейін егемендік алған соң 1995 жылғы Ата заңымыздың 7 бабына сай «Қазақ тілі - мемлекеттік тіл» болып айқындалды. Әрі қарай - 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заң қабылданып, республика аумағындағы тілдердің қолдануының құқықтық негіздері, барлық тілдерге бірдей құрметпен қарау қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қазақ тіліміздің мәртебесі белгеленген болатын.

 Дегенмен, осы күні егемендігімізге 31 жыл болса да, қазақ тілі Кеңес заманынан қалыптасып қалған орыс тілінің көлеңкесінде дамып келе жатқаны «ащы» шындық. Жасыратыны жоқ, тіліміз өз елінде, өз жерінде «аса қажеттілікке» айналмай, атына заты сай болмай, мәртебесі мемлекеттік болғанымен қоғамның барлық саласында толыққанды қолданылмай келе жатырған мемелекеттік тіл болып отырғаны ақиқат. Қазақ тілі - дүниедегі ең шұрайлы, кестелі тілдің бірі деп жатамыз. Ия, Қазақ тілі - өте бай тіл! Қазақ тілінде жазылған тамаша шығармалар қанша, жылытатын, жұбататын жырлар қаншама. Қазақ халқының бойына сіңген ата - бабаларымыздың тәлім - тәрбиесі, үлгі - өнегесі, біздің тұлға болып қалыптасуымызға себепкер болғаны, үлкен үлес қосқаны байқалатыны анық. Осындай гауһар тілімізді өз дәрежесінде пайдалана алмауымызға кезіндегі кеңес өкіметінің солақай саясаты әсер етсе, ал дәл қазіргі күні қоғамның барлық саласында қазақ тілінің мәртебесі жоғары болуы қажет деп санаймын.

 Осы орайда, ел президенті өзінің алғашқы Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген. Иә, өте дұрыс. Егемен елімізде өмір сүретін барлық ұлттарға мемлекеттік тілді меңгеруге толықтай жағдай жасалған. Сонымен қатар, демографиялық тұрғыдан қазақ ұлты ең жоғарғы пайызды құрайтындықтан, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі нақты келді деп есептеймін. Жалпы кез келген елде тілдік ахуал өзгерген жағдайда тіл саясаты да жаңа талаптармен толығып отыратыны ақиқат. Жәнеде барлық елдерде мемлекеттік тілді білу заң арқылы міндеттелген. Ал, біздің жоғарыда аталған «Тіл туралы» заңымызда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп көрсетілген. Яғни, мемлекеттік тілді меңгеру тек «парыз» ғана. Менің ойымша, Президент Жолдауындағы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейту үшін «Тіл туралы» заңға өзгерістер енгізіп, мемлекеттік тілге қатысты жауапкершілік белгіленуі керек. Әлемде жеті түркі мемлекеті бар десек, соның алтауы өз тілінде ел басқарып, бір-бірімен қарым-қатынасты тек өз тіліңде жасауда.

 Кез келген қазақ, қазақстандық бір-бірімен тек мемлекеттік тілде сөйлесетін уақыты келді. Тәуелсіздік қазаққа не берді десек, санымыз өсті, санамыз өркендеді, рухымыз жанданды. Рухымызбен бірге тіліміздің тұғыры да биіктеуі шарт. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», - деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай, қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен. Халқымыздың «Қай тілде сөйлесең, сол тілде ойлайсың. Қай тілде ойласаң, сол тілдің жанашырысың», «Өсер ел, алдымен, тілін қадірлейді» деген сөздері есімізден шықпағаны жөн.

 

Оқылды 381 рет