Дүйсенбі, 10 Қыркүйек 2018 16:34

Елбасы Үкіметке Түркістан облысының қалыптасуына назар аударуды тапсырды

Үкімет пен министрліктер Түркістан облысының қалыптасуына лайықты назар аударулары қажет. Бұл туралы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты. 

«Өздеріңіз де білетіндей, осы жылдың шілде айында Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, жаңа Түркістан облысы құрылды. Қасиетті Түркістан қаласында жаңа облыс орталығының құрылуы дербес әкімшілік орталық ретіндегі өңірдің тарихи мәнінің қайта өрлеуінің белгісі саналады. Үкімет пен министрліктер облыс орталығының құрылысына, қалыптасуына лайықты назар аударулары тиіс. Қазақстандағы бизнес те бұл жұмыстарға араласуы қажет. Мен де ол жаққа бармақпын, басшылармен бірлесіп, мән-жайды талқылайтын боламыз. Таяу уақытта дамыған жаңа облыс орталығы, экономикамыз бен бизнесіміздің жаңа өсім нүктесі пайда боларына сенімдімін», - деп атап өтті Елбасы.

Қазақстан Президенті облыс орталығының Түркістанға көшірілуі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес рухани жағынан да аса маңызы бар екенін баса айтты.

«Ол еліміздің ең киелі жерлерінің бірі. Тарлан тарихымызда талай тағдырлы шешімдер осында қабылданған. Есімдері ел тарихында мәңгі жазылған біртуар тұлғаларымыз осында жай тапқан. Халық тығыз қоныстанған тұтас оңтүстіктік өңірдің дамуы жаңа облыс орталығының жұмысын тиімді ұйымдастыруға байланысты. Сондықтан Үкімет пен әкімшілік бұл жерде тығыз жұмыс істеуі керек. Сонымен бірге республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген Шымкенттің тыныс-тіршілігі де назарда болуы тиіс»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, таяу уақытта Парламент қарауына жаңадан құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктің толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасы енгізілетін болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 739 рет