Бейсенбі, 04 Мамыр 2023 16:39

Түркістан қаласының климаттық жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасады

Түркістан қаласын көгалдандыру, жасыл алқап көлемін ұлғайту, климаттық жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты басшылармен бірге Түркістан қаласындағы «Жасыл аймақ» мекемесінің рекреациялық аймағына, ескі әуежай алқабына, орман тұқымбағына және техникалық базасына арнайы барды. Жұмыстарымен танысты.

Ескі әуежай аумағындағы алқаптың 450 гектарына сексеуіл егілген. Ал орман тұқымбағының көлемі 120 гектар болса, оның 6 гектарына тамшылап суғару жүйесі орнатылған. Қазіргі таңда орман тұқымбағында жалпы 41 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде.

Рекреациялық аймақ – 167 гектар, оның 80 гектары тамшылау суғару жүйесі арқылы суғарылады. 208 мың түптен астам әр түрлі ағаш-бұталар өсіріліп жатыр. Техникалық базасында 81 дана арнайы және қосалқы 67 техника бар.

Аталған аумақтарда айлант, үйеңкі, шаған, қарағаш, жыңғыл, терек, туя, арша, сексеуіл, итмұрын, сексеуіл, акация, катальпа, итмұрын және өзге де көшеттер отырғызылған. Мамандар сексеуілдің жерсінуі және өнімділігі жоғары екенін жеткізді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аймақты көгалдандыру, орман алқабын қалыптастыру бағытындағы ізденістер мен жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Аптап ыстық, аңызақ жел. Климаты құрғақ аймаққа жататын Түркістанда егілген көшеттердің өзге өңірлермен салыстырғанда жерсінуі тым төмен. Әлемдегі жасыл желектің жерсіну көрсеткіші 70 пайызды құраса, шаһар аумағындағы деңгейі 50%-дан аспайды. Осылай деген ғалымдар көне қаладағы жасыл желектің көлемін арттыруды қос қолдап қолдауда. Киелі шаһарды жел эррозиясынан сақтап, экологиялық ахуалық тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру үшін қала айналасынан «Жасыл аймақ» құрылған.

Мұнда жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына айрықша назар аударылған. «Қаланың өкпесіне» айналып келе жатқан аймаққа сан түрлі ағаш отырғызылған. Әр ағаштың түбіне тамшылатып суару жүйесі жеткізілген. Қала аумағында ұңғымалар қазылып, су арналары жүргізілген. Бірнеше су қоймалары салынып жатыр. Жасыл желектің тамыр жайып, жерсінуі үшін бау баптаған бағбандар тартылған. Қоршаған ортаны жақсарту үшін Түркістан облысының елді мекендерінде тұрақты негізде жасыл желектер отырғызу бойынша акциялар өткізіліп тұрады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «|Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл  кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Республика аумағында экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2 млрд түрлі ағаш көшеттерін отырғызу белгіленген.

Түркістанның «Жасыл аймағы»Астана қаласының «Жасыл аймағының» аналогы ретінде құрылғанын айта кетейік. Бүгінгі таңда елді мекендерде көгалдандырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған Жасыл аймақ құрылған. Тек климаттың қолайсыздығы кедергі. Жазда ауаның температурасы 35 градустан асады. Ылғалдылық өте төмен. Жауын-шашын өте аз. Үлкен жұмыс атқарылуда. Питомниктер құрылуда. Түркістан маңында 30 мың гектар алқапта «Жасыл аймақ» құрылады. Мұнда ыстыққа төзімді ағаш түрлері отырғызылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталығына келген сапарында «Түркістан – Атажұртымыздың алтын қазығы. Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар» дей келіп, киелі кентті түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы ретінде дамыту, әлемнің әр түкпірінен келген қонақтардан босамай жататын қаланы көгалдандыру мен абаттандыруға ұдайы көңіл бөліп отыруды тапсырған болатын. Осы орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалды да Президент тапсырмасына нақты іспен жауап беру жолында аппарат отырысында тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар беріп, төрткүл төңірекке танымал теберік қаланы танымастай түрлендіріп, жасыл желекке орап қоюды міндеттеп келеді. 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 5 жыл көлемінде мемлекеттік орман қорында 2 миллиард және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 миллион ағаш көшеттерін отырғызу туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес облысымызда 2025 жылға дейін 110 210 гектар алқапқа 170 миллион түп ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес 2022 жылы 16200 гектар жерге 24 млн. түп ағаш егілді. Сонымен, 2021 жылды қоса алғанда орман алқабы (бұрнағы жылы 15120 гектарға ағаш егілген еді) 31 320 гектарға жетті. Сонымен қатар облыс әкімдігінің бастамасымен 2019-2022 жылдары Түркістан қаласының айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланды. Бүгінге дейін  13629 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделуде.

Бір гектар орман жылына 18 млн. текше метр ауаны тазартып, 1 сағат ішінде 8 келі көмір қышқыл газын сіңіреді. Бұл 200 адамның 1 сағатта бөліп шығаратын көмір қышқыл газының көлемімен тең. «Казгидромет» мекемесінің мәліметіне сүйенсек, аталған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарының қарқынды жүруі  Түркістан қаласының экологиялық жағдайын да тұрақтандырып отыр. Бұған су жүйелерін жаңғырту, жасыл алқаптардың көбеюі, қаланың толықтай табиғи газ жүйесіне қосылуы да оң әсерін тигізуде.

Бүгінде облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 миллион данадан астам түрлі орман ағаштарының көшеттері өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта  көшеттердің санын 60 миллионға жеткізу жоспарлануда. Бұл облыстың аудан, қала және елді мекендерінде жасыл желектің көбейіп,   экологиялық ахуалдың  тұрақтануына ықпалын тигізері анық.

Түркістан қаласы мен оның төңірегінің климаты күрт құбылмалы,  континентальды. Осыған орай Түркістан қаласын абаттандыру қарқынды жүргізілген алғашқы жылдары егілген орман ағаштарының  25 пайыздан астамының жерсінбей, қурап қалғанын жасыруға болмайды. Бұл табиғи құбылыс еді.

Зерделеу мен зерттеулер, тәжірибе алмасу жұмыстары барысында облысымыздың мемлекеттік орман қоры жерлеріне егілген мәдени екпелердің нормалық жерсіну пайызы 75 пайызды құрады. Алайда, қатаң континентальды климат аймағында орналасқан Түркістан қаласы мен басқа да экологиялық зардапты аймақтарда орналасқан орман қоры жерлерінің топырақ құнарлылығы төмен еді. Сол себепті ғылыми-зерттеу университетінің қызметкерлері   ұсыныстар әзірледі. Бұл жұмыстар жемісін беріп, облыстың орман қоры жерлеріне егілген  орман дақылдарының жерсіну нормасы (көнімділігі) 50 пайызды құрады. Бұл табиғи ерекшеліктері өте ұқсас Атырау және Маңғыстау облыстарындағы жерсіну көрсеткіштерімен тең болып шықты. Осы көрсеткішке сүйеніп, 2022 жылы орман шаруашылығы саласының заңнамаларына сәйкес, Түркістан облысында егілген мәдени екпелердің нормалық жерсіну пайызы  50 пайыз болып бекітілді.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, аудан, қала елді мекендерін көгалдандыруға қажетті көшеттермен қамтамасыз ету облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктелді. Аудан, қала әкімдіктерінің эскиздік жобалары мен  көшеттерге берген сұраныстары негізінде 2022 жылдың күз айларында басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінен 345 204 түп әртүрлі көшет босатылған.  Десек те, былтырғы  күз айларында ауа-райының қолайсыздығы мен вегетативті маусымның қысқа болуына байланысты  тал-терек отырғызу жұмыстары едәуір кешеуілдеді. Соның өзінде аудан, қала әкімдіктері орман шаруашылығы мекемелерінен 251681 түп көшет алып, тиісті аумақтарға еккен. Облысымыздағы барлық  елді мекендерді көгалдандыру шаралары биыл да жалғасын таппақ. Биыл 733224 түп көшет егіледі деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласында «Ахметов» жеке шаруашылығы мен Кентау қаласында «Статус Эверест» мекемесі тарапынан түрлі полиэтилен және қағаз-картон қалдықтары тұрғындардан, полигон аумағынан  жиналуда. Екі мекеме де қайта өңдеу арқылы жартылай шикізат ретінде пластикалық түйіршіктер мен құбырларға қажетті шикізат дайындап жатыр. Мұның өзі киелі қаланың экологиялық тазалығы мен атмосфералық ауаның ластануын азайтуға айтарлықтай үлес қосады.

Иә, Түркістан төрінде халықаралық іс-шаралар күн сайын өтіп келеді. Жақында Түркістан қаласында Орталық Азия  мемлекеттерінің  бірінші парламентаралық форумы өтті. Екі күнге жалғасқан жиын алдында Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген мәртебелі қонақтар  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, ата-баба рухына тағзым етті. Түркі әлемінің төрі қашан да қонақтардан босамас. Олай болса, жаһан таныған киелі кенттің жасыл желекке малынып тұрғаны жарасымды. Мемлекет басшысының берген тапсырмасының маңыздылығы да осында.

Жасыл белдеудің климатка әсері қандай?

Орман-тоғай жаһандық жылыну мен климат өзгерісіне себеп болып отырған, адам әрекеті салдарынан атмосфераға бөлінген көміртекті сіңіріп қоймай, сонымен қатар, бұлттардың түзілуіне әсер етіп, планетаның салқындауына жағдай жасайды. Егер жерде орман-тоғай болмаса, жердегі атмосфера температура 15%-ға жоғары болар еді дейді ғалымдар. Бұл бағытта арнайы зерттеу жүргізген ғалымдардың тұжырымдауынша, орман-тоғай осылайша жаһандық жылыну мен климат өзгерісіне қарсы күресте маңызды рөл ойнайды. Мамандар бұл тұжырымға спутниктік бақылау мен қадағалау нәтижесінде келіп отыр.

Жасанды жер серігінен алынған мәлімет бойынша жер шарының үштен екісінде орман-тоғай төменгі бұлттардың түзілуіне ықпал етеді. Әрбірден соң жылдың барлық мезгілінде өңін бермейтін қылқан жапырақты орман-тоғайдың бұлттардың түзілуіне тиімді ықпал ететінін анықталып отыр. Еуропа аумағындағы ауыл шаруашылық жерлерін орман-тоғайға айналдыру жылына орташа есеппен жауын-шашынды 7,6%-ға арттырып отыр екен.  Десе де соңғы жылдары әлемдегі аса ірі орманды алқаптардың Амазония, Сібір, Австралия ормандарының өрт құшағында қалуынан,  Түркиядағы, Грекиядағы, Италиядағы, Израилдегі орман өрті мен Индонезия  мен Африка құрлығындағы тропикалық ормандардың жаппай оталуы салдарынан орман-тоғай аумағы айтарлықтай азайып келеді. Орман өрті кезінде атмосфераға бөлінген көміртек газынан әрі өрттен биологиялық әралуандылыққа келген зиян мен залалдың орны толуы үшін жүздеген жылдар кетеді.

Ормандар тіршілік үшін өте маңызды. Олар таза ауамен, баспанамен, азық-түлікпен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп, адамзатқа қажетті қызметтерді ұсынады, табиғи апаттардан қорғайды. Орман экожүйелері көптеген өсімдіктер мен жануарлардың мекені – мұнда қосмекенділердің 80%-і, құстардың 75%-і мен сүтқоректілердің 68%‑і мекендейді. Сонымен қатар, ормандар көміртекті сіңіру мен жер шарындағы температураны реттеу арқылы климаттың өзгеруіне қарсы күресте шешуші рөл атқарады. Олардың құрамында 660 миллион тонна көміртегі бар – бұл топырақ пен өсімдіктердегі жаһандық көміртегі қорының жартысынан астам.

ХХ ғасырда экономика мен адамдардың әл-ауқаты белсенді түрде өсті – жаңа қалалар салынып, бұрыннан бері тұрған қалалар кеңейтілді, тау-кен өндірісі, өндіріс көлемі ұлғайды, ауыл шаруашылығы мен туризм белсенді дамыды. Бұл секіріс тек экономикалық өрлеумен ғана емес, сонымен бірге табиғат үшін жағымсыз салдармен де қатар жүрді.

1990 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңнің өзінде планетамыз 420 миллион га ормандардан айырылды. Ормандарды кесу қарқыны төмендегенімен, біз әлі де жылына 10 миллион гектарға дейінгі ормандардан айырылып отырмыз. Ормандардың жойылуына адамның антропогендік әрекеті, орман өрттері, заңсыз кесу мен ағаш дайындау, тұрақсыз ауыл шаруашылығы мен зиянкестер себеп болады.

Ормандар жоғалған сайын биоалуантүрлілік те азаяды, экожүйелер жойылады, шөлейттену процестері дамып, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ету ортасы ғайып болады. Осы факторлардың барлығы жергілікті халықтың экономикалық және әлеуметтік осалдығына тікелей әсер етеді, себебі орман алқаптарының азаюы ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Қазақстанда ормандар салыстырмалы түрде аз аумақты алып жатыр – елдің ормандылығы небәрі 5%. Мұнда ормандардың негізгі төрт түрі бар: орманды-далалық және далалық аймақ ормандары, таулы ормандар, тоғай ормандары мен сексеуіл ормандары.

Елдегі ормандарды сақтап, қалпына келтіру жұмыстары басым міндеттердің қатарында. Ормандарды қалпына келтіруге бағытталған бастамалардың арқасында мемлекеттік орман қоры аумағының ұлғаю үрдісі байқалады. Соңғы 10 жылда орман қоры 8%-ке өсіп, бүгінде ел аумағының 11%-інен астамын құрайды.

Қазақстандағы ормандарды қорғауды 122 орман шаруашылығы мекемесі, сондай-ақ 31 ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА) қамтамасыз етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстанның ормандарды сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған күш-жігерін қолдап, елдің ормандылығын арттыруға атсалысады. Негізінде ерекше құнды ормандарды сақтаудың халықаралық тәжірибесін қолдану мен ормандарды тұрақты басқару элементтерін енгізу жатқан заманауи тәсілдерге ерекше назар аударылады.

Дәл осы мақсатта 2019 жылдан бастап Қазақстанда БҰҰДБ мен Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) жобасы іске қосылды, оның бағыттарының бірі табиғи құндылығы жоғары ормандар (ТҚЖО) тұжырымдамасын енгізу болып табылады. Бұл жұмыс Қазақстанда алғаш рет іске асырылып, мемлекеттік орман қоры аумағында орман орналастыруды жүргізумен және Қазақстанның бүкіл аумағында орман қорын есепке алумен айналысатын Қазақ орман орналастыру кәсіпорнымен бірлесіп жүргізіліп отыр.

Жоба іске асырылып жатқан үш жыл ішінде Қазақстанға арналған Табиғатты қорғау құндылығы жоғары ормандар (ТҚЖО) тұжырымдамасы әзірленді. Оның негізіне елдің орман қорының жағдайын талдау және бағалау жатты. Тұжырымдаманы енгізу Қазақстанға ерекше құнды ормандарды бөліп көрсетуге ғана емес, оларды орман шаруашылығы қызметінің барысында сақтау бойынша да қосымша шараларды айқындауға көмектеседі.

Тұжырымдамадан бөлек, Табиғатты қорғау құндылығы жоғары ормандарды бөліп көрсету, бағалау және басқару бойынша нұсқаулық әзірленді. Оған сәйкес, анықтау барысында халықаралық тәжірибе мен Қазақстан заңнамасы, сондай-ақ ғылыми және әлеуметтік-экономикалық зерттеулердің нәтижелері ескерілген ТҚЖО-ң 6 санаты бөліп шығарылды.

Қазақ орман орналастыру кәсіпорны директорының орынбасары Нұрлан Сүлейменовтің айтуынша, ТҚЖО-ны анықтау жұмысы биоалуантүрлілікті, ормандардың экожүйелік функцияларын сақтау үшін өте маңызды және Қазақстанға әлеуетті экономикалық пайда әкелуге қабілетті болып табылады.

«Бүгінгі таңда жоба Қазақстандағы 8 пилоттық орман шаруашылығын қамтиды, олардың аумағында табиғи құндылығы жоғары ормандарды бөліп көрсету және бағалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл деректер ерікті орман сертификациясын жүргізу үшін, мысалы, Қазақстанда дамыған жағдайда Орман қамқоршылық кеңесінің (FSC) сұлбасы бойынша сертификаттау үшін негіз бола алады», – дейді Нұрлан Сүлейменов.

Қазақстанның орман секторында ТҚЖО тұжырымдамасы мен FSC сұлбасы бойынша ерікті орман сертификациясын енгізу орман ресурстарын тұрақты басқаруға кезекті қадам жасауға және жергілікті қауымдастықтардың мүдделері, биоалуантүрлілік пен ормандардың экожүйелік функцияларын сақтау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осындай мүмкіндіктердің бірі – экотуризмді дамыту. Соңғы жылдары ормандардың рекреация, туризм нысандары ретіндегі рөлі жылдам өсіп келеді. Қазақстанның экотуризмді дамыту әлеуеті өте жоғары. Елде кең табиғи аумақтардың, флора мен фаунаның алуан түрлілігінің, ЮНЕСКО Әлемдік мұра мәртебесіне ие табиғат ескерткіштері мен нысандардың арқасында бұл үшін барлық алғышарттар бар. Сондықтан Тұжырымдамада, сонымен қатар, қасында ауыл халқы тұратын табиғи аумақтарда ТҚЖО-ны монетизациялау бойынша ұсыныстар да қамтылған.

Бүгінгі таңда экономикалық тұрақтылық жағынан ең шектеулі әрі тұрақты табыс көзі жоқ халық тобы – ауыл тұрғындары, ал орман мекемелерінің орман ресурстарын пайдаланудан кіріс алуға мүмкіндігі жоқ болып отыр. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, соңғы жылдары Қазақстанда туризмді, оның ішінде экологиялық туризмді дамыту үрдісі байқалады – ел табиғи ландшафттардың алуан түрлілігі есебінен шетелдік туристерді қызықтырады. ТҚЖО тұжырымдамасын енгізу және пайдалану ЕҚТА мен орман шаруашылықтарындағы құнды ормандар елдің табиғи және тарихи-мәдени мұраларының құнды нысандарын сақтауды ескере отырып, жергілікті қауымдастықтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін жаңа тәсілді енгізуге көмектесе алады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат»

Оқылды 1456 рет