Жексенбі, 26 Желтоқсан 2021 14:54

Жетісайда Ілияс Жансүгіровтің ескерткіші орнатылды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Жетісай ауданында Ілияс Жансүгіровке арналған ескерткіш ашылды.

Жетісай ауданындағы №30 жалпы орта мектебінің ауласына Ілияс Жансүгіровтың ескерткіші орнатылды. Қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар жазған әмбебап дарын иесіне арналған ескерткіштің ашылу салтанатына Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Шадияр Иманбердиев пен бөлім әдіскері Мэлс Әуелбекұлы, Жылы су ауылдық округінің әкімі Ермек Дауылбаев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаппар Ғаппар мен аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Айжамал Қоңырбаева, округте орналасқан мектеп директорлары мен ауыл ардагерлері қатысты.

Шара барысында 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келіп, Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты тәмамдаған мұғалім, кейіннен «Тілші» газетінде, Верныйдағы Қазақ ағарту институтында қызмет атқарған Мәскеудегі Коммунистік журналистика институты түлегі болған Жансүгіровтың өмір жолы мен еңбектері жайында өнегелі әңгімелер айтылды.
«Мырзашөл жеріне қазақ әдебиетінің ұлы тұлға-өкілдері жиі келген. С.Сейфуллиннен бастап Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров осы елді мекенде болған. Әкесі осы жерде қаза болған. Мазарының басында келіп, тұңғыш рет ашылған «Мақтарал» газетінің алғашқы беташарын жазып шығарған осы Ілияс Жансүгіров болған. Содан бері де міне 90 жыл өтті. Ұлтымыздың ұлыларын ұлықтау арқылы біз ұрпағымыздың, перзенттеріміздің елге деген сүйіспеншілігін арттырамыз», - дейді аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, «Халық үміті» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Жаппар Ғаппар.
Ақын, драматург, прозашы, әрбір поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жататын қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Ілияс Жансүгіровтың ескерткішінің ашылуынан соң «Кемел білім – Ел болашағы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Төрт бөлімнен тұратын кітапта І.Жансүгіров атындағы №30 жалпы орта мектебінің кешегісі мен бүгіні, қол жеткізген жетістіктері, оқушыларға білім берудің тиімді әдіс-тәсілдері толық жазылған. Кітап авторы аталмыш мектеп директоры Сапаркүл Шаулиева.
«Бұл кітаптың шығуына ауыл тұрғындары, мектеп ұстаздары, көнекөз қариялар үлкен үлес қосты. Қажетті мәліметтерді, суреттерді жан-жақтан жинақтадық. Міне, соның нәтижесінде көпшіліктің көңілінен шыққан құнды дүние өмірге келді», - дейді кітаптың авторы, І.Жансүгіров атындағы №30 жалпы орта мектебінің директоры Сапаркүл Шаулиева.
Айта кетсек, ескерткіш орнату және кітап шығару жұмыстары демеушілер қаржысымен жүргізілген.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 976 рет