Сәрсенбі, 04 Қазан 2023 21:05

ШЫМКЕНТТЕ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА ЖРВИ МЕН ТҰМАУДАН ТОПТЫҚ АУРУШАҢДЫҚ ТІРКЕЛМЕГЕН

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Тұрымбетова Айгүл Мелесқызының қатысуымен қала аумағында тұмауға қарсы егу жұмыстары басталғандығы туралы өткен баспасөз конференцияда мәлім болды.

«Қалада 2022-2023 жылдың эпидемиологиялық кезеңінде мектеп оқушылары арасында ЖРВИ мен тұмаудан топтық аурушаңдық тіркелмеген.

Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) – тыныс алу жолдарының зақымдалуымен жүретін полиэтиологиялық аурулар тобы. Шымкент қаласының тұрғындары арасында ЖРВИ аурушаңдығы жыл мезгіліне қарамай тіркелуде. Ауырғандардың ішінде басымы 14 жасқа дейінгі балалар (61,7%)», - деді спикер.

Спикердің сөзінше, өткен эпидемиологиялық кезеңде (2022 жылғы қазан айы мен 2023 жылғы сәуір айы аралығында) тұмаудың нақтыланған 93 жағдайы тіркелді, тұмаудың А түрі басым болды. Қалада тұмаудан басқа вирустар да таралуда. Басқа тұмаусыз инфекцияларға 244 сынама тексерілді, оның ішінде 77 сынамада (31,5%) оң нәтиже анықталды, риновирус – 28, аденовирус – 3, коронавирус - 6, метапневмовирус – 2, РС вирус – 13, парагрипп – 25.

2023 жылы эпидемиологиялық маусым 01-қазаннан 2024 жылдың 30-сәуір аралығында жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың эпидемиялық маусымы және эпидемиологиялық ахуалдың өршитін кезі.

Тұмаудан эпидемиологиялық маусымда аурушаңдықтың алдын алу барысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен халықтың 12,6% жететін «Гриппол+» вакцинасы (Ресей өндіруші) алынды. Ағымдағы мерзімде тұмауға қарсы егу ҚР БМСД 11.09.2023 жылғы «Тұмау және ЖРВИ жөніндегі 2023-2024 жылдардың эпидемиялық маусымына арналған санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» №6 қаулысының талабына сай осы жылдың 1 қазан айынан бастап бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемелерінде салынады.

ЖРВИ/тұмау клиникасының көріністері ұқсас. Науқастың тыныс алу жолдарының зақымдануымен ауру белгілері өте жіті басталатын, жалпы әлсіздік, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, 3-5 күннен астам уақыт дене қызуының 38-40°С жоғарылауы, бастың қатты ауыруы (ауруды басатын препараттарды қабылдағаннан күнде де), сондай-ақ демікпе, естің бұзылуы, аяқ-қолдың тартылуы, аяқта геморрагиялық бөртпелер пайда болатын жұқпалы ауру.

Баспасөз конференциясында Айгүл Мелесқызы ЖРВИ/тұмаудың асқынуы салдарынан болатын ауру түрлеріне де толық тоқталып өтті.

«ЖРВИ/тұмаудың асқынуы салдарынан вирусты және бактериалды пневмонияға, отит, гайморит, менингит, энцефалит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өте ауыр жағдайларда жиі өліммен аяқталады. ЖРВИ/тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы – тұмауға қарсы егу. Тұмауға қарсы екпе – медицина қызметкерлеріне, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен сәбилер үйлерінің балаларына, қарттар үйлерінің контингенттеріне, 2-3 триместрдегі жүкті әйелдерге, эпидемиологиялық көрсетіліммен егіледі», - деді А.Тұрымбетова.

Сонымен қатар тұмауға қарсы егу егілушінің немесе оның заңды өкілінің жазбаша түрдегі ақпараттық келісіммен дені сау кезінде тегін тіркелген емханада жүргізіледі.

Тұмау, ЖРВИ, ТҰА, АЖРИ-ды күнделікті және шолғыншы қадағалау шеңберінде және COVID-19-дың клиникалық белгілерімен медициналық ұйымдарға (емханалар, стационарлар) жүгінген пациенттерге, жансақтау мен қарқынды терапия бөліміне АЖРИ-мен емдеуге жатқызылған пациенттерге тұмаудың және басқа да ЖРВИ-дың және COVID-19-дың вирустарына зертханалық тексерулер жүргізіледі.

Оқылды 201 рет