Жексенбі, 29 Қазан 2023 20:41

Түркістан облысында тұмауға қарсы иммундау науқаны басталды

Бұл туралы брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлімдеді.

Нұрбек Садықбекұлының айтуынша, облыс бойынша 2023 жылға жергілікті бюджет қаржысынан тұмауға қарсы Ресейде шығарылған «Гриппол+» вакцинасының 248 691 дозасы алынған. Осы ретте тұмауға қарсы егумен облыс тұрғындарының 12,2% қамту жоспарланған.

- Өздеріңізге белгілі күз мезгілі жіті респираторлық вирусты инфекциялар мен тұмау ауруының өрши түсетін кезеңі. Осыған байланысты 1-қазаннан бастап,  Республика көлемінде, оның ішінде Түркістан облысында да тұмауға қарсы иммундау науқаны басталады. Облыс бойынша 2023 жылдың 8 айында ЖРВИ инфекциясы бойынша 102 718 жағдай тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25 есеге өскен. Дегенмен салыстырмалы түрде аурушаңдық эпидемиологиялық бақылау деңгейінен асқан жоқ, - деді департамент басшысы.

Сонымен қатар, брифингке қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев облыс бойынша 609 инфекциялық төсек-орын ұйымдастырылғандығын айтты. Оның ішінде 330 ересектерге болса, 279-і балаларға арналған төсек орын.

Тұмау – жоғары тыныс алу жолдары зақымдалу және уыттану белгілерімен сипатталатын жұқпалы инфекциялық ауру. Ауру адамнан сау адамға жөтелген, түшкірген кезде ауа тамшысы арқылы беріледі. Тұмау белгілері: дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бас пен бұлшық ет, тамақтың ауыруы, жөтелу және әлсіздік.Тұмау тез өрбиді және бірнеше күннен 2 аптаға дейін созылуы мүмкін. Сырқат өкпе қабынуы және бронхит сияқты асқынуларға әкеледі. Сондай-ақ, бұрыннан бар жүрек пен өкпе ауруларын қайта қоздырады. Алдын алу шаралары:науқас адаммен байланыста болмауға тырысу, науқас адаммен байланыста болғанда бетперде тағу, инфекция таралмауы үшін қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы құралдармен жуу, жөтелгенде және түшкіргенде мұрын мен ауызды бір реттік орамалмен жабу, көп адам жиналған жерде болмауға тырысу, бөлменің ауасын жиі тазарту.

Тұмауға қарсы екпе салдыру. Тұмау мерзімі басталғанға дейінгі ең тиімді әдіс – вакцина салдыру. Ол тұмауды жұқтыруды төмендетіп, оның адамдар арасында таралмауына көмектеседі. Вакцинация қауіпсіз. Екпе салдырғаннан кейін кейбір адамдарда екпе орнында қызару және ауырсыну, бастың және бұлшық еттің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және жүрек айнуы сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Дегенмен, олар тез жойылады.Жүкті әйелдің иммунитеті әлсірейтінін ескере отырып, тұмауға қарсы егілу тиімді. Қазіргі тұмау вакцинасы бала үшін қауіпсіз. Алайда, жүктілік мерзімі 14 аптаға жетпесе, екпе салдыруға болмайды.

Тұмауға шалдыққанда ауруды таратпау және емделу шаралары: - үйде отбасының басқа мүшелерінен оқшаулану; - аурудың алғашқы белгілері байқалғанда-ақ дәрігер шақыру; - бір реттік орамал пайдалану; - дәрумендерге бай сұйықтықтар ішу; - дәрігердің нұсқауына сай ем қабылдау. Вирус ауа-тамшы жолы арқылы таралатындықтан, күнделікті гигиена сақтау, үй ішін уақытылы желдетіп, ауаны тазарту, сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанып,   пайдалы, құнарлы тамақтану қажет. Мұрын мен ауыз қуысын ұдайы тұзды ерітіндімен шайып, су не қант қосылмаған шырындар мен шайды көбірек ішкен пайдалы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша әлемде маусымдық эпидемиялар кезінде тұмау вирусынан жыл сайын 250-500 мың адам қайтыс болады. Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) барлық жұқпалы аурулардың 90%-н құрайды. ЖРВИ және тұмаумен көбінесе балалар, қарт адамдар, жоғары тыныс алу жолдарының және бронх-өкпе жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, иммундық тапшылық жағдайы бар пациенттер ауырады.

Адамдардың тұмауға сезімталдығы - абсолютті. Пневмония, ангина, пиелонефрит, энцефалит, менингит, арахноидит, полиневрит, радикулит сияқты тұмаудың асқынуы өте қауіпті болып келеді. Тұмаудан кейін бронх демікпесі, созылмалы бронхит, жүрек-қантамыр аурулары, зат алмасуының бұзылуынан туындаған созылмалы аурулар асқынады. Асқынулар мүгедектікке, ауыр жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін. Тұмаудың немесе оның ауыр зардаптарының алдын алудың ең тиімді жолы ВАКЦИНАЦИЯ болып табылады.

Дені сау ересек адамдардың арасында вакцинация тұмаумен сырқаттанушылықты 70-90% - ға төмендетуге, ал қарт адамдар арасында асқынулардың даму мүмкіндігін 60% - ға, өлім жағдайларын 80% - ға азайтуға қабілетті. Тұмаудан дұрыс жүргізілген вакцинация вирустың таралуына кедергі жасайды, оның тасымалдау тізбегін үзеді. Тәжірибе көрсеткендей, егер ұжым мүшелерінің 40% - дан астамы тұмауға қарсы екпе алса, онда егілмеген адамдардың арасында сырқаттанғандар саны 10% - дан аспайды.

Вакцинациядан кейін ағза екі апта бойы жыл бойы жұмыс істейтін қорғаныш антиденелерін шығарады. Егер адам вакцинациядан кейін ауырған болса, онда бұл жағдайда тұмау жеңіл түрде өтеді. Тұмауға қарсы екпе жасатуды әр адам өзі шешеді, бірақ вакцинациялауды бірінші кезекте қажет ететін адамдар санаты бар, бұл:

 60 жастан асқан адамдар

 ЖРА-мен жиі ауыратындар

 мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушылары

 созылмалы соматикалық аурулармен ауыратын науқастар

 медицина мекемелерінің қызметкерлері

 қызмет көрсету, көлік, оқу орындарының қызметкерлері

Тұмаудан екпе жасатуға қарсы көрсетімдер дене қызуының жоғары болуы, тауық жұмыртқасының ақуызына немесе вакцинаның басқа компоненттеріне жоғары сезімталдық, вакцина жасаған күні суық тию немесе инфекциялық ауру белгілері болып табылады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 89 рет